Қазақстандықтар IT мамандықтарын тегін меңгере алады: Tech Orda өтінім қабылдауды бастады
Tech Orda бағдарламасының бесінші маусымына өтінім қабылдау 2026 жылғы 7 қыркүйекке дейін жалғасады.
Қазақстанда сұранысқа ие IT мамандықтарын меңгеруге мүмкіндік беретін Tech Orda бағдарламасының бесінші маусымына өтінім қабылдау басталды. Бағдарлама аясында 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтарға IT-мектептерде білім алуға 500 мың теңгеге дейінгі ваучер беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, қатысушылар еліміздің барлық өңіріндегі аккредиттелген IT-мектептердің бірін таңдап, цифрлық саладағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгере алады.
Офлайн форматта оқитындарға 500 мың теңгеге дейін, ал онлайн немесе гибридті оқу форматын таңдағандарға 400 мың теңгеге дейін номиналды ваучер қарастырылған.
Қандай мамандықтарды оқуға болады?
Tech Orda бағдарламасы аясында ІТ-индустриядағы бірнеше бағыт бойынша білім алуға мүмкіндік бар. Олардың қатарында:
- жасанды интеллект;
- киберқауіпсіздік;
- бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу;
- деректерді талдау;
- Cloud және DevOps;
- GameDev;
- өнім менеджменті;
- UI/UX-дизайн және басқа да бағыттар бар.
Tech Orda – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын Astana Hub бағдарламасы. Жоба елдегі білікті IT-мамандар санын арттырып, жеке IT-білім беру нарығын дамытуға бағытталған.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, технология саласындағы адами капиталды дамыту елдің цифрлық трансформациясындағы негізгі бағыттардың бірі болып отыр.
Оның сөзінше, Tech Orda азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды үйренуге мүмкіндік берсе, компаниялар үшін қажетті білікті мамандарды даярлауға жағдай жасайды.
Түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан
Бағдарлама іске қосылғаннан бері, яғни 2021-2026 жылдар аралығында 12,5 мыңнан астам қазақстандық білім алған.
Мониторинг нәтижесіне сәйкес, экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан. Олардың орташа жалақысы 725 мың теңгені құрайды. Бұл елдегі орташа айлық жалақыдан шамамен 43%-ға жоғары.
Сонымен қатар 3,2 мыңнан астам адам Tech Orda арқылы бұрынғы мамандығын ауыстырып, IT саласында еңбек жолын бастаған.
Бағдарлама түлектерін бүгінде 1 287 компания жұмысқа қабылдаған. Олардың арасында Kaspi.kz, Halyk Bank, Freedom Finance, Kolesa Group, Kcell, EPAM Kazakhstan, Yandex, Wolt, 2GIS, Deloitte, KPMG, EY және Accenture секілді компаниялар бар.
Бағдарламаға қатысатын IT-мектептердің 30%-дан астамы өңірлерде орналасқан. Бұл Астана мен Алматыдан тыс жерлердегі азаматтардың да IT-білім алуына мүмкіндік береді.
Өтінімді қашанға дейін беруге болады?
Tech Orda бағдарламасының бесінші маусымына өтінім қабылдау 2026 жылғы 7 қыркүйекке дейін жалғасады.
Қатысу шарттары, аккредиттелген IT-мектептер мен оқу бағдарламаларының тізімі Astana Hub платформасында жарияланған. Қосымша ақпаратты таңдаған IT-мектептен немесе 1818 нөмірі арқылы алуға болады.
Тағы оқи отырыңыз: IT саласына салық жеңілдігі 2045 жылға дейін сақталуы мүмкін
Жасанды интеллектіні кәсіби дамуда қалай пайдалану керек? IT сарапшысы түсіндірді