16 Қыркүйек 2026, 16:24 Фото: gov.kz

Қазақстандықтар Грузия мен Индонезияға визасыз бара алады – СІМ

Сыртқы істер министрлігі Грузия мен Индонезияға сапар жоспарлаған азаматтарға осы елдердегі көші-қон талаптарын алдын ала тексеруге кеңес берді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары Грузияға визасыз кіріп, ел аумағында бір жылға дейін бола алады. Қазақстан Грузияға бір жылға дейін визасыз кіруге рұқсат етілген мемлекеттер тізіміне кіреді. 

Алайда визасыз режим Грузия аумағында еңбек етуге автоматты түрде құқық бермейді.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Біздің азаматтарымыз Грузияда бір жылға дейін визасыз жүре алады. Сонымен қатар визасыз режим елге кіруге және онда болуға құқық беретінін, алайда еңбек қызметін жүзеге асыруға құқық бермейтінін ескеру қажет, - деді Жанболат Үсенов.

Сондай-ақ, 2026 жылы Грузияда шетел азаматтарының еңбек қызметіне қатысты жаңа талаптар енгізілді. Ел заңнамасында еңбек иммигранттары мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған шетелдіктерге еңбек қызметін жүзеге асыру құқығын беру тәртібі бекітілген. 

СІМ мәліметінше, тиісті рұқсатсыз ақылы еңбек қызметімен айналысу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан Грузияда жұмыс істеуді, кәсіпкерлікпен немесе басқа да ақылы қызметпен айналысуды жоспарлаған қазақстандықтарға қажетті рұқсаттарды алдын ала нақтылау ұсынылады.

Индонезияға 30 күнге дейін визасыз баруға болады

Жанболат Үсенов Индонезияға сапарлау талаптарына да тоқталды.

Қазақстан азаматтары Индонезияға 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Екі ел арасында өзара визасыз режим қолданылады.

Индонезия тарапының талаптарына сәйкес, визасыз кіру тегін және елге бір рет кіруге мүмкіндік береді. Ел аумағында болудың рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі келген күннен бастап 30 күнді құрайды.

2025 жылғы 1 қазаннан бастап Индонезияға шетелден келетін барлық халықаралық жолаушы All Indonesia электрондық келу декларациясын толтыруға міндетті. Бұл талап Индонезияның көші-қон қызметінің ресми ресурстарында көрсетілген. Электрондық декларация тегін толтырылады және оны Индонезияға келгенге дейін алдын ала рәсімдеуге болады, - деді ол. 

Сыртқы істер министрлігі азаматтарға шетелге шығар алдында баратын елдің көші-қон, еңбек және кіру талаптарын алдын ала тексеріп, белгіленген ережелерді сақтауды ұсынады.