Қазақстандықтар Еуропаның курорттарына тікелей ұша алады
Air Astana Еуропаға жазғы курорттық бағыттарды жандандырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әуе компаниясы Еуропаның көрікті қалалары Ираклионға (Грекия) және Подгорицаға (Черногория) маусымдық жазғы рейстердің қайта басталатыны туралы қуана хабарлайды.
Алматыдан Крит аралында орналасқан Ираклионға рейстер 6 маусымда дүйсенбі, бейсенбі және сенбі күндері аптасына 3 рет жиілікпен басталады. Ұшулар Airbus A321LR авиалайнерінде 6 сағат 30 минут ұшу ұзақтығымен орындалады. Қазақстан азаматтарына Грекияға кіру үшін шенген визасы қажет.
Ираклионнан Афинаға жергілікті тұрақты рейстермен жетуге болады, олар шамамен бір сағатты алады, сондай-ақ пароммен танымал Санторини аралдарына дейін жетуге болады. Барлық алыммен екі жаққа билеттің ең төменгі құны эконом-класта 307 959 теңге.
Алматыдан Черногорияның астанасы Подгорицаға рейстер 8 маусымнан бастап және сейсенбі, жұма және сенбі күндері қатынайды, ал Астанадан Подгорицаға рейстер 9 маусымнан бастап дүйсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері жүзеге асырылады.
2024 жылғы 1 мамырдан 31 қазанға дейін Қазақстан азаматтары үшін Черногорияға 30 күнге дейін визасыз кіруге болады.
Алматыдан Подгорицаға барлық алымдармен екі жаққа билеттің ең төменгі құны эконом-класта 282 551 теңгеден басталады. Рейстердің ұшу ұзақтығы A321LR ұшағымен Алматыдан 6 сағат 55 минут, Астанадан 6 сағат 30 минут.