Қазақстандықтар енді Қатарда да ресми жұмыс істей алады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Руслан Рүстемов “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатордың айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты – Қатарда жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету.
Бұл келісімге 2024 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Қатарға ресми сапары барысында қол қойылды. Құжат екі ел арасындағы еңбек саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады, – деді Руслан Рүстемов.
Келісімге сәйкес, құжаттың орындалуын бақылайтын уәкілетті органдар анықталған: Қазақстан тарапынан – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қатар тарапынан – Еңбек министрлігі.
Жұмысқа орналастыру процесі қатарлық жұмыс берушінің өтінім беруінен басталады. Онда үміткерге қойылатын талаптар, еңбек жағдайы мен шарттың ұзақтығы көрсетіледі. Өтінімдерді Қатар тарапы Қазақстанға жолдағаннан кейін, қазақстандық тарап электронды еңбек биржасы арқылы кандидаттарды іріктеуді бастайды.
Қатардағы жұмыс беруші мен қазақстандық жұмыскер арасында еңбек шарты жасалып, ол екі елдің министрліктері мен елшіліктерінде тіркеледі. Үлгілік еңбек шарт келісімнің ажырамас бөлігі.
Сенатордың айтуынша, қатарлық жұмыс берушілер жұмыскерлерге бірқатар кепілдіктер береді:
- тұрғын үй немесе тұруға жәрдемақы;
- жұмыс орнына дейін және кері қайту үшін тегін көлік немесе көлік жәрдемақысы;
- медициналық қызмет көрсету;
- жыл сайынғы демалыс пен Қазақстанға ұшу шығындарын өтеу.
Бұл келісім қазақстандық азаматтардың еңбек құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы еңбек көші-қонын реттеудің нақты тетіктерін бекітеді, – деді Руслан Рүстемов.
Келісімнің орындалуын үйлестіру үшін бірлескен комитет құрылады. Ол тараптардың өкілдерінен тұрып, келісімнің іске асырылуын бақылап, өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлей алады.
Қатар бұл келісімді 2024 жылғы 29 қарашада ратификациялаған. Сенат жалпы отырыста заңды дауысқа салып, құжатты мақұлдады.