Қазақстандықтар ел болашағын шешуде – Ерлан Қарин
Референдум Қазақстанның болашағын айқындайды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин референдумға қатысып, сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі референдум конституциялық реформа бойынша жарты жылдан астам уақытқа созылған қоғамдық талқылауларды қорытындылайды. 189 күн ішінде талқылауға мыңдаған азаматтар, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Осы кезең бойы біз қоғамдық белсенділікті, азаматтардың кеңінен атсалысқанын көрдік. Негізінде, бұл референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Бүгін азаматтар қандай қоғам құратынымызды, еліміздің қандай құндылықтар мен принциптер негізінде дамитыны туралы шешім қабылдайды, – деді Ерлан Қарин.
Ол бұл соңғы төрт жылдағы үшінші референдум екенін еске салды.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды және шешуші шешімдер референдумда, яғни азаматтардың пікірін ескере отырып қабылдануы тиіс деген принципі саяси өмірдің нормасы мен қалыптасқан тәжірибесіне айналды.
Сондай-ақ, Мемлекеттік кеңесші соңғы жылдары Қазақстан мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты паш етіп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, ел саяси өмірдің жоғары динамикасын және прогреске деген ұмтылысын көрсетуде.