23 Қараша 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандықтар банктерге 26,7 трлн теңге қарыз: Кім кредит ала алмайды?

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының банктер алдындағы кредиттік берешегі 26,7 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың үлесі 4,6%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, халықтың шамадан тыс кредиттік берешегін азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында бірқатар шара қабылдаған.

Кредит алуға қандай шектеулер енгізілді?

2024 жылғы маусымда кредиттеу кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң қабылданды. Соған сәйкес, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа тұтынушылық кредит беруге тыйым салынды.

Бұдан бөлек, тәуекел деңгейі жоғары қарыз алушыларға берілетін кредиттерге шектеу қойылды. Атап айтқанда, тұтынушылық банктік қарыздың ең жоғары сомасы 9,5 млн теңге (2 200 АЕК), ал микрокредиттің ең жоғары сомасы 4,8 млн теңге (1 100 АЕК) болып белгіленді.

Сондай-ақ 4,3 млн теңгеден (1 000 АЕК) асатын тұтынушылық кредит рәсімдеу үшін жұбайының келісімін алу міндеттелді.

2025 жылғы қыркүйектен бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық кредит беруіне қатысты қосымша шектеулер күшіне енді. Енді банктік қарыз бойынша мерзімі 30 күннен, ал микроқаржы ұйымының қарызы бойынша бір күннен асқан берешегі бар азаматтарға жаңа кредит беруге тыйым салынған.

Соңғы үш жылда берешегі толық кешірілген азаматтарға да кредит беруге шектеу қойылды.

21 жасқа толмағандарға микрокредит берілмейді

Жас азаматтарды мерзімінен бұрын борыштық жүктемеге ұшыраудан қорғау мақсатында 21 жасқа толмаған адамдарға тұтынушылық микрокредит беруге тыйым салынды.

Сонымен қатар соңғы 12 айда кредиттік міндеттемелерін орындау мерзімін 90 күнтізбелік күннен астам уақытқа кешіктірген азаматтар үшін борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мәні 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетілді.

Бұл талап қарыз алушының табысына шаққандағы кредиттік міндеттемелерінің көлемін шектеуге бағытталған. Бұған қоса, борыштық жүктеме коэффициентін есептеу талаптары жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға берілетін қарыздарға да кеңейтілді.

Кредит мөлшерлемесі де төмендетілмек

Агенттік банктердің кепілсіз тұтынушылық кредиттері мен микроқаржы ұйымдарының микрокредиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мәнін 56%-дан 46%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр.

Ал банктердің кепілді кредиттері бойынша шекті мөлшерлемені 40%-дан 35%-ға дейін азайту жоспарланған.

Сондай-ақ PDL-микрокредиттерді реттеудің ерекше тәртібін жою және оларға мынадай талаптарды енгізу көзделген:

  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 179%-ға дейін;
  • күндік мөлшерлеме – 0,3%-ға дейін;
  • қарыз алушының жиынтық берешегінің жылдық кірісіне қатынасын көрсететін Debt To Income нормативі.

Банктердің жауапты кредиттеу саясатын ұстануын ынталандыру үшін мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейінгі кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша тәуекел салмағы 100%-дан 350%-ға дейін ұлғайтылды.

Проблемалық кредиті бар азаматтарға қандай көмек көрсетіледі?

Агенттік проблемалық қарыз алушыларды қолдау үшін кредиттерді қайта құрылымдау тетіктерін күшейткен. Атап айтқанда, 2026 жылға дейін проблемалық кредиттерді коллекторлық агенттіктерге сатуға екі жылдық мораторий енгізілген.

Сонымен қатар азаматтардың берешегін сотқа жеткізбей реттеу мүмкіндіктері кеңейтілді. Банк омбудсменінің құзыретіне тұтынушылық кредиттерді қоса алғанда, кредиттердің барлық түрі бойынша дауларды қарау енгізілді. Ал 2025 жылдың басынан бастап микроқаржы омбудсмені институты жұмыс істей бастады.

Бұдан бөлек, кейбір кредиттік ұйымдардың қарыз алушының төлем қабілетін іс жүзінде қалпына келтірместен, проблемалық кредиттердің үлесін формалды түрде төмендету үшін берешекті жасанды қайта құрылымдау тәжірибесіне тосқауыл қойылды.

Микроқаржы ұйымдарының берешегі қанша?

Агенттік мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша микроқаржы ұйымдарының кредиттік портфелі 1,5 трлн теңгені құрады.

Микрокредиттеу көлемі өскеніне қарамастан, соңғы жылдары микроқаржы ұйымдары портфелінің сапасы жақсарған. Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бері 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар микрокредиттердің үлесі 6,9%-дан 5,3%-ға дейін төмендеген. Мұндай қарыздардың жалпы көлемі 82 млрд теңгені құрайды.

Жеке тұлғалар сегментінде мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 9%-дан 5,7%-ға дейін азайып, берешек көлемі 55 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Агенттік қабылданған шаралар халықтың шамадан тыс кредит алу тәуекелін азайтуға, проблемалық берешекті реттеуге және қаржы секторының тұрақтылығын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.