Қазақстандықтар артық өндірілген электр энергиясын сата алады

Мәжіліс жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов заң жобасы бойынша баяндама жасады.

Заң жобасы Парламент депутаттары Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жолдауында айтылған энергия тиімділігін арттыру және «жасыл» технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірледі.

“Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объект” ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл – қуаттылығы 200 МВт-тан аспайтын жел, күн және басқа да баламалы электр станциялары. Төмен қуатты жаңартылатын энергияның мұндай көздерін шағын және орта бизнестің, шаруа және фермер қожалықтарының, сондай-ақ жеке және көппәтерлі үйлердің қажеттіліктері үшін пайдалануға болады, - деді ол.

Мұндай қондырғылардың иелері артық өндірілген электр энергиясын энергиямен жабдықтаушы ұйымға сата алады. Ол үшін жаңартылатын энергия көздері нысанының иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттелмейді. Электр энергиясының шекті бағасын Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейді (тұтынушылар топтары бойынша саралаусыз).

Уәкілетті органдар кедергілерді жоя отырып, жаңартылатын энергия көздерінің шағын көлемдегі объектілерін жалпы электр желісіне қосу ережелерін бекітеді. Сондай-ақ нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату бойынша үлгілік шарттар әзірленіп, бекітіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы