Қазақстандықтар әнге инвестиция салып, табыс табуы мүмкін
Қазақстанда музыкалық туындыларға инвестиция тартып, одан түсетін кірісті әртіс пен инвестор арасында бөлісуге мүмкіндік беретін жоба әзірленіп жатыр. Бастаманы алдымен ел ішінде арнайы сынақ режимінде тексеру жоспарланған. Бұл туралы Astana Finance Days форумында креативті продюсер, IT-кәсіпкер, Ozen платформасының негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту үшін балама табыс көздерін дамыту маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, IT саласымен қатар креативті индустрияның да мүмкіндігі мол. Қазақстандық музыка, кино және өзге де шығармашылық өнімдер сыртқы нарыққа шығып, елге кіріс әкеле алады.
«Қазақстанда креативті экономика соңғы жеті жылда белсенді дамып, шетелден табыс әкелуде. Сондықтан мемлекеттің осы бағытты қолдауын дұрыс деп санаймын. Біз де отандық әртістердің музыкалық шығармашылығын монетизациялаумен айналысамыз. Көрсеткіштер өсіп келеді, бұл салада әлеует зор», - деді Хуссейн.
Әннен түсетін табысқа инвестор да ортақтаса алады
Спикердің айтуынша, оның командасы соңғы бір жылда музыкалық зияткерлік меншікті токенизациялау жобасымен айналысып жүр. Бастаманың мәні - музыкалық туындыға қатысты құқықтардағы үлесті цифрлық токен түрінде ұсынып, оған инвестиция тарту.
Хуссейн Astana Finance Days аясында TechHub-пен осы бағыттағы ниет туралы меморандумға қол қойылғанын жеткізді.
«Әр трек - орындаушыға ғана емес, оның инвесторларына да табыс әкелуі мүмкін музыкалық актив. Бүгін TechHub-пен музыкалық индустрияны токенизациялау жөніндегі ниет туралы меморандумға қол қойдық. Әзірге жобаны Қазақстанда, арнайы сынақ режимінде тексеруді көздеп отырмыз», — деді ол.
Жоба жүзеге асса, қызығушылық танытқан адам музыкалық зияткерлік меншіктегі үлесті сатып алып, әртіспен бірге туындыдан түсетін кіріске қатыса алады. Спикердің сөзінше, мұндай мүмкіндік Қазақстан азаматтарымен шектелмей, шетелдік инвесторларға да ұсынылуы мүмкін.
Оның пікірінше, музыка мен шығармашылық өнімдерді қаржылық актив ретінде қарастыруға болады. Алайда сұхбат барысында жобаның іске қосылатын мерзімі, үлес сатып алу шарттары мен кірісті бөлу тетігі нақтыланған жоқ.
Креативті индустрия елге қалай пайда әкеледі?
Хуссейн шығармашылық салалардың экономикаға ықпалы салық түсімімен ғана өлшенбейтінін атап өтті. Отандық әртістердің шетелде танылуы, қазақстандық фильмдер мен сериалдардың өзге елдерде көрсетілуі Қазақстанға деген қызығушылықты арттыра алады.
Бұл ретте ол Оңтүстік Кореяны мысалға келтірді. Спикердің пайымынша, мәдени өнімдер арқылы елдің танымалдығын арттыру туризмге де, контент экспортынан түсетін табысқа да әсер етеді.
«Креативті сала өкілдері төлейтін салықтан бөлек, еліміздің шетелдегі танымалдығы артады. Бұл - туризм, бейнеконтент пен сериалдарды сыртқы нарыққа сату мүмкіндігі. Қазақстан бұл бағытта ілгеріледі деп ойлаймын. Бірақ нәтижесін сәл кейінірек көреміз. Өйткені шығармашылық арқылы елдің брендін қалыптастыру - ұзақ процесс», - деді ол.
ТМД нарығынан әрі шығуға әлеует бар
Хуссейннің бағалауынша, отандық креативті индустрияның дамуы 2020-жылдардың басында айқын байқала бастаған. Музыка, бейнеөндіріс және дизайн салаларында жаңа жобалар көбейіп, оларға бизнестің қызығушылығы артқан.
Оның айтуынша, бұл бағытқа Freedom секілді отандық ірі компаниялар инвестиция салып келеді. Шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ елде кино өндірісін дамытуға шетелдік инвестиция тартатын жеке қорлар бар екенін атап өтті.
«Біздің әртістеріміз бен киномыз ТМД елдерінде, Орталық Азияда танымал екені түсінікті. Дегенмен әлемдік алаңдарға шығу әлеуеті де жоғары деп есептеймін», - деді Хуссейн.
Оның пікірінше, осы мүмкіндікті іске асыру Қазақстанға шығармашылық өнімдерден табыс тауып қана қоймай, халықаралық нарықтағы танымалдығын арттыруға жол ашады.