Қазақстандықтар "Әлеуметтік әмиян" сервисі арқылы тегін дәрі алды
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау жүйесінің ерекшелігін ескере отырып, дәрілік заттардың таңбалануы мен қадағалануы пациентке бағдарланған дәрілік қамтамасыз ету жүйесін құруға, көлеңкелі нарық үлесін төмендетуге, дәрілік қамтамасыз етудің деңгейі мен ашықтығын жаңа деңгейге көтеруге және бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді вице-министр.
Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, дәрі-дәрмектерді электрондық беру бойынша “Әлеуметтік әмиян” сервисін енгізу шеңберінде пациенттер QR-код арқылы республика бойынша 700-ден астам медициналық ұйым қатысатын 1,7 млн рецептің негізінде препараттар алды.
"Әлеуметтік әмиянді" пайдалану азаматтарды амбулаториялық деңгейде тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету саласының қолжетімділігі мен толық ашықтығына жағдай жасайды, - деді ол.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттардың 163 млн қаптамасына, оның ішінде 96,4 млнимпорттық препаратқа, 66,4 млн қаптама отандық өндіріске таңбалау кодтары енгізілді.
Бүгінгі таңда 163 млн таңбаланған дәрі-дәрмек қаптамасының 67,5 млн. қаптамасы айналымға енгізілді. Бұл мәліметтер Бірыңғай таңбалау операторының ақпараттық жүйесінде бақыланады.