Қазақстандықтар 2027 жылдан бастап Жапонияда тегін оқи алады
Қатысушы бағдарламаның аумақтық және серіктестік критерийлеріне сай болуы керек.
Қазақстандық студенттер Токио митрополиттік университетінің (Tokyo Metropolitan University) магистратурасына немесе докторантурасына түсіп, оқуын толық қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, бағдарламаның басталуы 2027 жылдың 1 сәуіріне жоспарланған.
Бағдарлама не ұсынады?
Tokyo Metropolitan University шетел азаматтарынан Tokyo Global Partner Scholarship Program (Tokyo GP) стипендиялық бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдауды жариялады.
Бағдарлама Азия елдерінің келешегі зор студенттеріне арналған және Жапонияда магистратура немесе PhD деңгейінде оқуды жалғастыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама қатысушыларына мынадай қолдау көрсетіледі:
-
емтихан төлемақысынан босату;
-
түсу жарнасынан босату;
-
оқу ақысынан толық босату;
-
ай сайын 150 мың жапон иенасы көлемінде стипендия;
-
халықаралық әуе ұшу шығындарын өтеу;
-
тұрғын үй табуға көмектесу.
Қаржыландыру магистратура үшін екі жылға дейін, ал докторантура үшін үш жылға дейін беріледі.
Кімдер өтінім бере алады?
Оқуға Азия елдерінде білім алып жатқан Токио митрополиттік университетінің серіктес университеттерінің студенттері қатыса алады.
Сонымен қатар бағдарлама тиісті елдердің зерттеу ұйымдарының, мемлекеттік органдарының және компанияларының қызметкерлеріне де қолжетімді.
Магистратураға түсу үшін бакалавр дәрежесі, ал PhD үшін магистр дәрежесі немесе соған баламалы біліктілік болуы қажет.
Қандай талаптар бар?
Кандидаттың GPA көрсеткіші 2,30-дан төмен болмауы тиіс.
Сондай-ақ ағылшын тілін CEFR B2 немесе одан жоғары деңгейде, я болмаса жапон тілін JLPT N2 немесе одан жоғары деңгейде меңгергенін растау қажет.
Бұдан бөлек, қатысушы бағдарламаның аумақтық және серіктестік критерийлеріне сай болуы керек.
Токио митрополиттік университетінің кейбір білім беру бағдарламалары тек жапон тілінде жүргізілетінін ескерген жөн.
Қандай бағыттар қолжетімді?
Білімді әртүрлі бағыттар бойынша алуға болады, олардың арасында:
-
Science;
-
Urban Environmental Sciences;
-
Systems Design;
-
Human Health Sciences;
-
университеттің басқа да білім беру бағдарламалары.
Кандидаттарға және оқыту тіліне қойылатын талаптар таңдалған Graduate School мен бағдарламаға байланысты өзгешеленуі мүмкін.
Өтінімді қалай беруге болады?
Үміткер ең алдымен Токио митрополиттік университетінің қолайлы Graduate School-ын және Master’s немесе PhD деңгейіндегі білім беру бағдарламасын таңдауы қажет.
Содан кейін таңдалған Graduate School-дың Application Guidelines ережелерімен танысқан жөн. Онда қажетті құжаттар тізімі, мерзімдері мен өтінім беру тәртібі көрсетілген.
Осыдан кейін кандидат құжаттарды белгіленген тәртіппен тапсырып, іріктеуден өтеді.
Құжаттарды тапсырудың нақты мерзімдері таңдалған Graduate School-ға байланысты.
Оқу қашан басталады?
Ағымдағы қабылдау 2027 жылдың 1 сәуірінде оқуын бастайтын студенттерге арналған.
Қатысудың егжей-тегжейлі шарттары, бағдарламалар тізімі және құжаттарға қойылатын талаптар Tokyo Metropolitan University ресми сайтында жарияланған.