Бүгiн 2026, 07:05 Фото: pixabay

Қазақстандықтар 2026 жылдың жазында қайда ұшады: Жаңа рейстер мен бағыттардың толық тізімі

Қытайға, Еуропаға және курорттарға жаңа рейстер ашылады. Ұшу жиілігі артады. Жолаушылар нені білуі керек?

Қазақстан 2026 жылдың жазғы маусымына қарай халықаралық әуе тасымалдарын арттыруда. Қазірдің өзінде аптасына 114 бағыт бойынша 649 рейс орындалады, ал алдағы айларда Қытайға, Еуропаға және курорттық елдерге жаңа бағыттар ашылады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті BAQ.KZ ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қазір қанша рейс орындалады

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, бүгінде қазақстандықтар 25 елге тікелей ұша алады.

Тасымалдардың ең үлкен көлемі Ресей Федерациясына, Қытай Халық Республикасына, Түркия Республикасына және Өзбекстан Республикасына тиесілі, – деп жауап берді комитеттен.

Негізгі әуе хабтары – Алматы мен Астана. Тек Алматыдан аптасына 356 рейс, ал Астанадан 177 рейс орындалады.

Жаңа рейстер: қай бағыттар ашылады

2026 жылдың жазғы маусымында бірнеше жаңа бағыт іске қосылады:

* 2 маусымнан бастап Air Astana әуе компаниясы Астана – Гуанчжоу бағытын аптасына екі рет орындайды;

* 11 шілдеден бастап Vietjet Air Ханой – Алматы – Прага бағытын іске қосады.

Сонымен қатар, наурыз айының соңынан бастап Ташкент – Атырау рейстері орындалып жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан Кипрмен тұрақты әуе қатынасын ашады.

Астана – Ларнака және Алматы – Ларнака бағыттары жазғы кезеңде аптасына екі рет орындалады.

Қытаймен әуе қатынасы да кеңейтілді: Алматы – Шанхай рейстері аптасына үш рет орындалады.

Ең жүктемесі жоғары бағыттар

Ең сұранысқа ие бағыттар қатарында:

* Алматы – Ташкент — аптасына 38 рейс;

* Алматы – Мәскеу — 33 рейс;

* Алматы – Стамбұл — 26 рейс;

* Астана – Мәскеу — 23 рейс.

Сонымен қатар Қытай, Үндістан, Таиланд, Оңтүстік Корея және Кавказ елдеріне бағыттар танымал.

Чартерлік және маусымдық рейстер

Жаз мезгілінде чартерлік рейстер саны, әсіресе курорттық бағыттарға, артады.

Чартерлік тасымалдардың негізгі көлемі Вьетнам, Египет, Қытай және Мальдив бағыттарындағы туристік рейстерге тиесілі.

Атап айтқанда, Шарм-эль-Шейхке рейстер Қазақстанның бірнеше қаласынан орындалады. Сондай-ақ Вьетнамға (Фукуок, Камрань) және Мальдив аралдарына бағыттар сұранысқа ие.

Ұшу бағыттарының кеңеюі бәсекелестікті дамыту және әуе тасымалдарының қолжетімділігін арттыру шараларымен түсіндіріледі.

Ашық аспан режимі – халықаралық рейстер санын арттырып, ұшу географиясын кеңейтетін негізгі тетіктердің бірі.

Бұл сондай-ақ жоғары сұраныс кезеңінде әуе билеттері бағасының өсуін тежеуге мүмкіндік береді.

Жолаушыларға ұсыныстар

Азаматтық авиация комитеті қазақстандықтарға сапарларын алдын ала жоспарлауды ұсынады.

Азаматтарға әуе билеттерін алдын ала сатып алу, тариф шарттарын мұқият зерделеу және рейстер туралы ақпаратты әуе компаниялардың ресми ресурстарынан бақылау ұсынылады.

Жаз мезгілінде жолаушылар ағыны дәстүрлі түрде артады, сондықтан танымал бағыттарға сұраныс жоғары болады.