Қазақстандық журналист әлемнің үздік жас агрожурналистерінің қатарына кірді
Қазақстан атынан алғаш рет Айжан Рымбаева Халықаралық агрожурналистер федерациясы (IFAJ) нұсқасы бойынша әлемнің үздік жас агрожурналистері тізіміне кірді. Бұл беделді марапат Австралия, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Канада, Кения, Либерия, АҚШ және Қазақстан елдерінің он жас журналисіне табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ infotabigat.kz-ке сілтеме жасап.
Салтанатты марапаттау рәсімі қазанның 15-18 аралығында Кения астанасы Найробиде өткен халықаралық IFAJ конгресінде өтті. Конгреске әлемнің 30-дан астам елінен өкілдер қатысты.
Халықаралық агрожурналистер федерациясы (IFAJ) 20 жылдан астам уақыт бойы ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандарды қолдауға бағытталған Young Leaders in Agricultural Journalism бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Жыл сайын ұйым әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіби біліктілігі жоғары, жаңашыл ойлайтын және ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі тақырыптарын көтеріп жүрген 10 талантты журналисті іріктейді.
Жеңімпаздар білім беру бағдарламасынан өтіп, IFAJ халықаралық конгресіне қатысты. Шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты және жаһандық аграрлық қоғамдастықтың дамуына үлес қосады.
Халықаралық агрожурналистер федерациясының президенті Стив Уэрблоу Қазақстанның бағдарламаға қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Біз Айжанның жас көшбасшылар бағдарламасына қатысқанына қуаныштымыз. Бұл – оның және оның әріптестерінің тәжірибе алмасып, журналистикадағы жетістіктері үшін мойындалуына тамаша мүмкіндік. Әсіресе, Айжанның Қазақстан атынан қатысуы біз үшін ерекше қуаныш. Бұл ел IFAJ құрамында бұрын болмаған. Біз оның қатысуы қазақстандық агрожурналистер қауымдастығын құруға бастау болады деп сенеміз, - деді Стив Уэрблоу.
Халықаралық агрожурналистер федерациясы (IFAJ, International Federation of Agricultural Journalists) – ауыл шаруашылығы, азық-түлік және ауылдық аумақтардың дамуы тақырыптарын қамтитын журналистерді біріктіретін кәсіби ұйым. 1956 жылы құрылған және Нидерландта орналасқан бұл федерация 50-ден астам елдің ұлттық қауымдастықтарын біріктіреді. Ұйым кәсіби стандарттарды дамытуға, ақпарат алмасуға және тәуелсіз агрожурналистиканы қолдауға ықпал етеді.
Қазір Қазақстан IFAJ құрамына кірмеген, алайда Айжан Рымбаева бұл жағдайды өзгерткісі келеді. Ол қазақстандық әріптестерін біріктіріп, агрожурналистер гильдиясын құруға ниетті.
2022 жылдан бері мен Түркия агрожурналистер және жазушылар гильдиясының мүшесімін, себебі Қазақстанда әзірге мұндай ұйым жоқ. Мен үшін осы халықаралық марапатқа ие болған алғашқы қазақстандық журналист болу – үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Қазір мен Қазақстандағы агрожурналистер қауымдастығын құру бағытында жұмыс істеп жатырмын. Біздің ел де IFAJ құрамында өз орнын алуы тиіс. Сондықтан осы салада еңбек етіп жүрген журналистерді менің бастамама қосылуға шақырамын, – деді Айжан Рымбаева.
Айжан 2020 жылдан бері агрожурналистикамен айналысып келеді. Пандемия кезінде ол «Go ferma» атты медиажобаны құрған, онда ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген адамдар туралы баяндайды.
Жобада қазақстандық әйел-фермерлер, климаттың ауыл шаруашылығына әсері және жас мамандардың тәжірибесі сияқты тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар6 Айжан шетелдік фермаларға барып, аудиториясына басқа елдердің тәжірибесін бөлісіп отырады.