Қазақстандық жасөспірімдердің 76 пайызы толыққанды отбасында тұрады
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ДДҰ-ның еліміздегі Елдік кеңсесімен бірігіп әзірлеген «Қазақстан оқушыларының өмір салты факторлары, олардың физикалық денсаулығы мен әл-ауқаты» есебінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатта еліміздегі 11, 13 және 15 жастағы 7400-ден астам оқушының деректері негізге алынған.
Республика аумағындағы оқушылардың 74,9 пайызы толыққанды отбасында өмір сүреді. Олардың арасында балалардың 72,9 пайызы әкесі және анасымен, 1,7 пайызы – анасы және өгей әкесімен, 0,3 пайызы – өгей шешесі және әкесімен тұрады. 21,4 пайызы – анасымен ғана, 3,1 пайызы – тек әкесімен, 0,6 пайызы – асырап алған отбасының тәрбиесінде, - делінген есепте.
Ал толыққанды отбасында тұратын балалардың 68 пайызының әкесі мен анасы бірдей жұмыс істейді, ал 26,1 пайызында – ата-анасының тек біреуі, 1,7 пайызында – ата-анасының екеуі де жұмыссыз.
Отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бойынша, табыс деңгейі төмен отбасында өсіп жатқан балалардың үлесі 19,4 пайызға, табысы орташа – 61 пайызға, табысы жоғары – 19,6 пайызға тең. Осы орайда, былтыр 2018 жылмен салыстырғанда орташа және жоғары табысы бар отбасындағы оқушылар саны артқан.
Сондай-ақ жасөспірімдер өздерін мазалаған жайтпен 89,4 пайыз жағдайда анасымен бөлісу жеңіл екендігін айтқан. 15 жасқа қарай ата-анасымен ара қатынастары әсіресе қыз балаларда нашарлайтын болған. Ал ер балалар қыз балалармен араласуға қарағанда, ата-анасымен араласу жеңіл екендігін айтқан.
Жасөспірімдердің 78,4 пайызы күн сайын отбасымен бірге отырып тамақ ішеміз деп жауап берді.
Сонымен қатар зерттеуге қатысқан оқушылардың 76 пайызы отбасы тарапынан қолдау тапқандарын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш қыз балаларға қарағанда ер балаларға жоғары, алайда жас өскен сайын көрсеткіш төмендей береді.