Қазақстандық волейболшылар Қытайдағы Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Қазақстан құрамасы Австралияны үш партияда да жеңді.
Қазақстанның волейболдан әйелдер құрамасы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Австралия құрамасын 3:0 есебімен жеңді.
Қарсыластары табанды қарсылық көрсеткенімен, Асқар Шалқибеков шәкірттері үш партияда да басым түсті – 25:21, 25:18, 25:21.
Кездесудің ең нәтижелі ойыншысы Татьяна Никитина болды. Қазақстан құрамасының диагональ ойыншысы 20 ұпай жинады. Оның 14-і шабуылда, үшеуі блокта, тағы үшеуі допты ойынға қосу кезінде алынды. Кристина Белова 12 ұпай еншілесе, орталық блоктаушы Полина Уфимцева 8 ұпай жинады.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы турнирдегі алғашқы кездесуінде Индонезиядан күтпеген жерден 0:3 (22:25, 22:25, 23:25) есебімен жеңілген еді.
Қазақстандық волейболшылар жуырда Вьетнамда өткен Ұлттар кубогында Индонезия құрамасын 3:0 (25:19, 25:19, 25:19) есебімен сенімді жеңген болатын. Бұл жолғы кездесу әлдеқайда тартысты өтті. Шешуші сәттерде сәттілік қарсылас команда жағында болып, Индонезия құрамасы қарымта қайтара алды.