Қазақстандық волейболшылар Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Қазақстандық жұп Сауд Арабиясының спортшыларын 2:0 есебімен жеңіп, С тобындағы алғашқы кездесуінде басым түсті.
Сенегалдың Дакар қаласында IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы басталды.
Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мәлімдеді.
Жасөспірімдер Олимпиадасындағы алғашқы кездесуін қазақстандық жағажай волейболшылары Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш өткізді.
Жарыстың алғашқы кезеңінде олар Сауд Арабиясының Уафи Әл-Джасир мен Әли Әл-Ауами жұбына қарсы ойнады.
С тобы аясындағы кездесу қазақстандықтардың 2:0 (21:13, 21:7) есебімен жеңісімен аяқталды.
Айта кетейік, Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш – 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының чемпиондары.
2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты бүгін, 31 қазанда өтеді.
Еске салайық, Қазақстанның ерлер арасындағы отырып ойнайтын волейбол құрамасы Жапонияның Айти-Нагоя өңірінде өткен V Азия Пара ойындарында күміс медаль жеңіп алған болатын.