28 Қыркүйек 2026, 17:37 Фото: Instagram/kcfkz

Қазақстандық велотренер Үндістанда кәмелетке толмаған спортшыны зорлады деген күдікпен іздестіріліп жатыр

Үндістанда Максат Аязбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан федерациясы оның ұлттық құрамаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Үндістанның Пенджаб штатында қазақстандық велоспорт жаттықтырушысы Мақсат Аязбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, полиция оны іздестіріп жатыр. Үндістандық БАҚ маманға кәмелетке толмаған спортшыға қатысты жыныстық зорлық жасады деген күдік келтірілгенін хабарлады. Осыған байланысты BAQ.KZ редакциясының сауалына Қазақстан велоспорт федерациясы мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді.

Үндістанда не болды?

Үндістан полициясының дерегіне сәйкес, Аязбаевқа қатысты қылмыстық іс 18 қыркүйекте тіркелген. Үндістандық БАҚ мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте Пенджаб штатындағы Патиала қаласында орналасқан Ұлттық спорт шеберлігі орталығындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде болған.

34 жастағы Мақсат Аязбаев сол уақытта Үндістан ұлттық велоспорт құрамасымен жұмыс істеген. Полиция оны ұстау үшін Дели қаласына барғанымен, жаттықтырушы ол жерде болмаған. Осыдан кейін оны іздестіру үшін арнайы топтар құрылған.

Үндістандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Аязбаевтың ел аумағынан шығуына жол бермеу мақсатында Look Out Circular шығарылған. Сондай-ақ оның паспорты тәркіленгені туралы ақпарат тарады. Полиция Дели және оған жақын аудандарда іздестіру шараларын жүргізген.

Үндістан құрамасымен жұмыс істеген

Медиа мәліметінше, Мақсат Аязбаев Үндістан ұлттық велоспорт құрамасымен жұмыс істеп, спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындаған.

Ол Үндістан құрамасымен бірге Жапонияда өтетін Азия ойындарына баруы тиіс болған. Алайда қылмыстық іс қозғалғаннан кейін оның сапарына берілген рұқсаттың күші жойылған. Үндістанның велоспорт федерациясы маманды уақытша шеттетіп, істі ішкі қарауға жібергені хабарланды.

Үндістандық БАҚ мәліметінше, кәмелетке толмаған спортшы медициналық тексеруден өткен. Оған психологиялық және құқықтық көмек көрсетілген.

Қазір Үндістанда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Қазақстан велоспорт федерациясы не деді?

Осы жағдайға байланысты Қазақстан велоспорт федерациясының баспасөз қызметі Instagram-дағы ресми парақшасында мәлімдеме жариялады.

Федерацияның мәліметінше, Мақсат Аязбаев соңғы жылдары Қазақстаннан тыс жерде келісімшарт негізінде кәсіби қызмет атқарып, Үндістан тарапымен жұмыс істеген. Оның қызметі Үндістан ұлттық велоспорт құрамасын дайындаумен байланысты болған.

Мақсат Аязбаев қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына қатысы жоқ, – деп нақтылады федерация.

Ведомствоның хабарлауынша, жарияланымдарда айтылған оқиғалар Аязбаевтың Үндістан тарапымен жұмыс істеген кезеңінде Үндістан аумағында болған және қазір сол елдің құқық қорғау органдары тарапынан қаралып жатыр.

Қазіргі уақытта Үндістанның құқық қорғау органдары ресми тергеу жүргізіп жатыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қылмыстық іс қозғалған, ал Үндістанның велоспорт федерациясы маманның қызметін тергеу аяқталғанға дейін тоқтатқан, – делінген Қазақстан велоспорт федерациясының мәлімдемесінде.

Федерация қылмыстық істің мән-жайына қатысты алдын ала қорытынды жасамау қажет екенін атап өтті.

Біз мерзімінен бұрын қорытынды жасамауды және Үндістанның құзыретті органдары ресми тергеуді аяқтап, істің барлық мән-жайын анықтағанға дейін баға бермеуді дұрыс деп санаймыз, – деді федерация.

Сонымен қатар Қазақстан велоспорт федерациясы Үндістан құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеудің нақты мән-жайларына түсініктеме беруге негізі жоқ екенін және тек құзыретті органдардың ресми ақпаратына сүйенетінін мәлімдеді.

Федерация БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын аталған жағдайды Қазақстанның ұлттық құрамасымен байланыстырмауға шақырды.

Нақты адамның әрекетін Қазақстанның ұлттық велоспорты мен оның ұлттық құрамасының қызметінен ажырату маңызды, – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ федерация адамның кінәсі тек заңда белгіленген тәртіппен, ресми тергеу мен сот талқылауының нәтижелері негізінде анықталатынын атап өтті.

ҚР СІМ не деді?

BAQ.KZ редакциясы Қазақстан азаматына қатысты жағдай бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне де сауал жолдады.

Министрлік жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.

Министрлік Үндістандағы Қазақстан Республикасының азаматына қатысты жағдайдан хабардар. Қазақстандық дипломаттар аталған азаматтың туыстарымен байланыста. Оған консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Министрлік бұл мәселені бақылауында ұстап отыр, – деді ҚР СІМ баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясына берген жауабында.

Мақсат Аязбаев туралы не белгілі?

Мақсат Аязбаев – қазақстандық кәсіби велошабандоз. Ол бұған дейін «Astana» командасының сапында өнер көрсеткен. 2012 жылы «Тур Болгарии» көпкүндігінің жалпы есебінде жеңіске жеткен.

Кейін спорттық мансабын аяқтап, жаттықтырушылық бағытта жұмыс істеген. Соңғы жылдары Үндістан ұлттық құрамасының дайындығына қатысқан.

Айта кетейік, Үндістанда Мақсат Аязбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Оған қатысты айтылған күдік әзірге тергеу нұсқасы болып табылады. Оның кінәсі соттың заңды күшіне енген шешімімен ғана анықталуы мүмкін.