Қазақстандық ұстаздардың жартысы 600 мыңға жуық айлық алады
Ауыл мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлінуде – олардың жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда, кемінде 25%-ға жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімнің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңгені құрады.
Бұл ретте Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, еліміздің педагогтерінің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс жасап, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады.
Сонымен қатар, Қазақстан білім беру ісіндегі жетістіктері, олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны және мемлекеттік наградаға ие болғаны үшін ақшалай сыйақымен марапаттауды үрдіске айналдырған санаулы елдердің бірі. 2023 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйақының лауреаты атанды, сыйақы көлемі 3,6 млн теңгені (1000 АЕК) құрады. Марапатталушылардың арасында – Еңбек ерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары, «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары бар.