Қазақстандық үш боксшы Азия чемпионатында ширек финалға шықты

Бокстан Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионаты жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

57 келідегі отандасымыз Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегінде малайзиялық Мохамад Зульхайнмен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Ол қарсыласын екінші раундта-ақ тізе бүктіріп, нокаутпен ұтты. Оның келесі жекпе-жегі 5 желтоқсанға жоспарланған. Артынша Бейбарыс Жексен 60 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Дилшод Абдумуродовпен кездесіп, қарсыласынан айласын асырды. Қорытынды есеп: 4:1. 

Сондай-ақ 67 келіде өнер көрсететін боксшымыз Дулат Бекбауда да ширек финалға жолдама алды. Ол Тайпэй спортшысымен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Мұндағы қорытынды есеп: 5:0.

Қазіргі уақытта ең мықты Америка, Еуропа басқа континенттерді алсақ, ең мықтысы біздің Азия құрлығы болып отыр. Жарыс жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын. Қазір әлем және олимпиада ойындарында бірінші орында жүрген ол Өзбекстан құрамасы. Ең басты қарсыластармыз сол деп ойлаймын, - деді  бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов.

Азия чемпионаты басталмай жатып, 5 медаль жеңіп алған едік. Яғни жоғары салмақтардағы Бекзат Нұрдәулетов пен Айбек Оралбай жарыс жолын жартылай финалдан бастайтындықтан кемі қола жүлдеге ілігіп тұр. 

Ал әйелдерден Гүлсая Ержан, Елдана Тәліпова және Наталья Богданова да үздік үштіктің қатарында тұр. Жалпы бокстан ерлер құрамасы сары құрлық бәсекесінде 13, әйелдер 12 салмақ бойынша сынға түседі. Жарыс 12 желтоқсанға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы