Қазақстандық ұрланған көлік үшін сот арқылы 6,5 млн теңгесін қайтарып алды
Сатып алған көлігі қылмыстық іс бойынша тәркіленген азамат сотқа жүгінді. Тергеу барысында қандай жайттар анықталғанын оқыңыз.
Тараз қалалық соты автокөлікті сатып алу-сату шартын бұзу және төленген қаражатты қайтару туралы азаматтық істі қарады.
Талапкер соттан сатып алу-сату шартын бұзып, 2022 жылы шығарылған Hyundai Elantra автокөлігі үшін төлеген 6,5 млн теңгені өндіріп беруді сұраған.
Сотта анықталғандай, тараптар арасында көлік құралын сатып алу-сату шарты 2024 жылдың маусым айында жасалған. Алайда сол жылдың қазан айында аталған автокөлік Алматы қаласында тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме ретінде полиция қызметкерлерімен тәркіленген.
Істі қарау барысында автокөліктің бұған дейін заңды иесінің иелігінен ұрлау салдарынан шығып кеткені және кейін қайта сатылғаны анықталды. Сондай-ақ көлік құралының сәйкестендіру деректері (идентификациялық мәліметтері) мен оның нақты сипаттамалары арасында сәйкессіздіктер бары белгілі болды.
Бұдан бөлек, дәл осындай VIN-нөмірі бар автокөлік Ресей Федерациясының Самара қаласындағы хабарландыру сайттарынан табылған. Бұл көлікті сату кезінде ұсынылған құжаттарда сәйкессіздіктер болғанын растады.
Сот сатып алушыға техникалық құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейтін автокөлік берілген деген қорытындыға келді.
Іс нәтижесінде сот талап арызды толық көлемде қанағаттандырды. Сатып алу-сату шарты бұзылып, жауапкерден талапкердің пайдасына 6,5 млн теңге, сондай-ақ мемлекеттік баж бен сот шығындары өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.