Қазақстандық тұтынушылардың құқығы қорғалады

Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті халықтың заңды сауаттылығын арттыру арқылы өз құқықтарын белсенді түрде қорғауға ынталандыру үшін үздіксіз жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Соның бір көрсеткіші – тұтынушыларға қайтарылған қаражаттың сомасы 5 млн теңгеден асатын істер. Ағымдағы жылдың 9 айында осындай істер бойынша 50-ден астам қазақстандықтың құқығы қорғалып, оларға барлығы 755,9 млн теңге қайтарылды.

Осы санаттағы тұтынушыларға қайтарылған қаражат көлемі бойынша Алматы, Шымкент және Астана қалалары алдыңғы қатарда. Алматылықтар 222,1 млн теңге, Шымкенттіктер 174,2 млн теңге, ал Астаналықтар 157,9 млн теңге сомасындағы зиянын өндіріп алды.

Мәселен, Алматылық бір автокөлік иесінің жаңа сатып алған көлігі жоғары вольтты батареясының ақауынан көлігі бұзылып қалуына байланысты келісімшартты бұзып, ақшасын қайтару туралы талабы оң шешімін тапты. Сауда үйіне қайта-қайта жүгінгеннен кейін, Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мамандарының ат салысуы арқасында тұтынушыға 48 миллион теңге қайтарылды.

Ең көп мәселе тудырған салалардың бірі – автокөлік саласы. Есепті кезеңде сапасыз көлік сатып алған 36 қазақстандық сот арқылы құқығын қорғап, барлығы 505,1 миллион теңге өтемақы алды.

Шымкентте де жаңа пәтерінде жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігердің уәдесін орындамауына байланысты тұтынушының шағымы оң шешімін тапты. Алматыда да ұқсас жағдай орын тапты. Тапсырыс берген тұтынушы жиһазын уақытында ала алмаған, Астаналық тұтынушы заңгерлерден кеңес алып, жұмсаған ақшасын қайтарып алды.

Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті: «Қазақстандықтар өз құқықтарын біліп, оларды белсенді түрде қорғауы тиіс. Тек осылай ғана нарықты әділ, ал қызмет көрсетуді сапалы ете аламыз. Тұтынушылар құқығын қорғау – бұл тек құқық емес, сонымен қатар әрбір адамның таңдаған тауары мен қызметінің сапасына жауапкершілігі», – деп атап өтті.

Тұтынушылар құқығын қорғау органдарына түсетін өтінімдер санының артуы халықтың құқықтық сауаттылығының артып, белсенділік танытып жатқанын көрсетеді. 2024 жылғы 9 айда Комитетке және оның аймақтық департаменттеріне өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 008-ге көп дерлік, яғни 43 мыңға жуық өтінім түсті. Осы өтінімдерді қарастыру нәтижесінде тұтынушыларға барлығы 1 364,9 млрд теңгеге жуық тауар мен қызмет қайтарылып, ауыстырылып немесе алмастырылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есеге жуық көп.

Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті барлық азаматтарды өз құқықтарын белсенді түрде қорғауға және тауар мен қызмет сапасына байланысты мәселелер туындаған жағдайда тиісті органдарға жүгінуге шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті
Өзгелердің жаңалығы