22 Қазан 2026, 22:50 Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстандық туристер үшін Мысырға бару шарттары жеңілдетіледі

Сауда-экономикалық байланыстарды талқылау барысында тараптар өзара тауар айналымын арттыруға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мысырға жасаған ресми сапары барысында осы елдің Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі мысырлықтар істері министрі Бадр Абдельаттимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Кездесу кезінде тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарастырды.

Екі елдің сыртқы істер ведомстволарының басшылары қазақ-мысыр қарым-қатынастарының жоғары деңгейде екенін атап өтіп, министрліктер арасындағы саяси консультациялар тетігінің маңызын растады.

Мысырдағы парламенттік сайлау мен Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге байланысты тараптар парламентаралық достық топтарының жұмысын жандандыру жөнінде уағдаласты.

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясындағы өзара іс-қимылға басымдық берілді.

Сауда-экономикалық байланыстарды талқылау барысында тараптар өзара тауар айналымын арттыруға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.

Келіссөздер қорытындысында 2006 жылғы 7 қарашада жасалған дипломатиялық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Құжат Қазақстан мен Мысыр азаматтарының жарамды қызметтік паспорттармен сапарға шығуы кезінде визасыз режимді кеңейтуді қарастырады.

Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Мысыр тарапы туристік мақсатпен келетін азаматтарға қосымша талаптар қолданылатын Орталық Азия елдерінің тізімінен Қазақстанды алып тастауға келісті. Бұл шешім қазақстандық туристердің Мысырға бару рәсімдерін жеңілдетіп, екі ел арасындағы туристік алмасуды арттыруға мүмкіндік береді.

Келіссөздерден кейін Мұхтар Тілеуберді мен Бадр Абдельатти бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен мәлімдеме жасап, кездесудің негізгі қорытындыларын жариялады. Тараптар екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.