"Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" мен ИИДМ заңнаманы бұзған
"Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бар деген хабарламалар жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі Қазақстандық тұрғын үй компаниясы құрылыс компанияларының кепілдік беру туралы өтінімдерін қарау рәсімдерін негізсіз тоқтатып, кейінге қалдырып келегенін анықтады. Қазақстандық тұрғын үй компаниясы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру тетігінің тұрақты және тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысының бірыңғай оператор міндетін атқарады. Бірыңғай оператор кепілді жағдай туындаған кезде үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға да жауапты.
Атап өтетін жайт, үлескерлердің қаражатын тартудың ең тиімді тәсілі "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы"АҚ кепілдігін алу, бұл аса маңызды.
Анықтама. "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңға сәйкес Қазақстанда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастырудың үш заңды тәсілі бар: "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдігін алу; Екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу; құрылыс салушының өз қаражаты есебінен тұрғын үй ғимаратының қаңқасын тұрғызғаннан кейін ЖАО рұқсатын алу.
Бұдан басқа, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы инжинирингтік қызметтер көрсететін белгілі бір компаниялармен шарттар жасасуды міндеттеген. Аталмыш монополияға қарсы әрекетті жою үшін Қазақстандық тұрғын үй компаниясына бір ай уақыт берілді.
Сондай-ақ, ИИДМ "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңында көзделмеген артық талаптарды жою арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы ережелеріне өзгерістер енгізу туралы нұсқау берілді.