22 Қараша 2026, 16:49 Фото: olympic.kz

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Чилидегі турнирде топ жарды

Жібек Құламбаева Чилидің Колина қаласында өткен WTA 125 турнирінің жұптық сынында жеңімпаз атанды. Бұл туралы Sports.kz хабарлады. 

Финалда Құламбаева мен словениялық Вероника Эрьявец турнирдің бірінші нөмірлі жұбы – украиналық Валерия Страховая мен ресейлік Анастасия Тихоноваға қарсы ойнады. Қазақстандық-словениялық дуэт 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 16 минутқа созылды.

Финалға дейін Құламбаева мен Эрьявец ширек финалда түркиялық Ипек Өз бен грекиялық Деспина Папамихаилді 6:0, 6:2 есебімен ұтты. Ал жартылай финалда австралиялық Теника Макгиффин мен Александра Осборннан 7:6 (9:7), 3:6, 10:4 есебімен басым түсті.

Турнирдің жүлде қоры 115 мың долларды құрады. Жұптық сындағы жеңісі үшін Құламбаева мен Эрьявец 6 мың долларды өзара бөлісіп, әрқайсысы рейтингке 125 ұпайдан қосады.

Дүйсенбі күні жаңартылған WTA жұптық рейтингінде Құламбаева 78-орынға көтеріледі деп күтілуде. Бұл – теннисшінің жеке рекорды.

Жекелей сындағы WTA рейтингінде қазақстандық спортшы осы аптада 378-орында тұр.