Қазақстандық тауарларды Моңғолия нарығына шығару жеңілдейді
Мәжілісте Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Жанель Кушукова «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, келісім Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Моңғолия арасындағы 367 тауар позициясы бойынша импорттық кедендік баждарды жоюды көздейді. Құжат үш жыл мерзімге жасалып, кейін автоматты түрде тағы үш жылға ұзартылады.
Келісімнің алғашқы үш жылы аяқталғаннан кейін тараптар еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздерді бастамақ. Сонымен қатар, құжатта техникалық, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, ішкі нарықты қорғау тетіктері сияқты өзге де сауда мәселелері қамтылған, - деді ол.
Жанель Кушукованың сөзінше, бұл келісім Қазақстан тауарларының Моңғолия нарығына шығуына қолайлы жағдай жасап, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобасын ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейді және республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын талқылап, оң қорытынды шығарды.