Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жобасын талқылау жалғасуда
QazIndustry платформасында Қазақстандық тауар өндірушілер реестрінің жобасын талқылау мақсатында онлайн кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған кездесуге еліміздің әртүрлі аймақтарынан 200-ге жуық бизнес өкілдері, сондай-ақ өндірістік ассоциациялардың мүшелері қатысты.
Бұл реестр жобасын талқылау аясындағы Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұйымдастырған үшінші кездесу.
Талқылау барысында бизнес өкілдерінің өндірісті бағалау және Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі аясындағы салалық комиссияның қызметі туралы ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, бағалау критерийлері, рәсімдердің ашықтығы, шешім қабылдау әдістері және реестрге қосылу тәртібін жетілдіру мүмкіндіктері ерекше назарға алынды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда тауар өндірушілер реестрін жүргізу ережелері жобасын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Реестрдің іске қосылуы 2025 жылға жоспарланған. Жаңа цифрлық платформа қазіргі уақытта қолданылып жүрген СТ-KZ және Индустриалды сертификаттарды алмастырып, кәсіпкерлер үшін бюрократиялық және қаржылық шығындарды азайтып, рәсімдерді жеңілдетеді.
Кездесудің модераторлары айтылған барлық ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, келесі кездесулерде де талқыланатынын атап өтті.
Жақын арада өтінімдерді реестрге қосу үшін цифрлық верификациялау мәселелері бойынша кезекті онлайн кездесулерді өткізу жоспарлануда.