Қазақстандық студенттерге неміс тілін оқытуға Германиядан маман келді

Германиядан келген Андреас Рухсерт Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттеріне арналған неміс тілі бойынша тілдік курстарды жүргізеді. Тілді үйренушілер үшін сабақтар тегін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұдан бөлек, тілдік курстар аяқталғаннан кейін студенттер органикалық фермаларға ақысы төленетін өндірістік тәжірибеге бара алады. Студенттер мұндай мүмкіндікке  Kozybayev University-дің LOGO E.V. одағымен ынтымақтастығының арқасында ие. Неміс тілінен шақырылған оқытушының айтуынша, ол орыс тілін 10 жыл бұрын үйренген.

Мен неміс тілін қазақ студенттеріне қуана оқытамын. Сонымен қатар, Қазақстанның мәдениетімен қатты танысқым келеді. Қазақ елінің тарихы туралы көптеген мәліметтер білгім келеді.Қазақстанға мен алғаш рет келіп отырған жоқпын. Мұнда магистр дәрежесін алғаннан кейін 2023 жылдың қазан айында болдым. Ол кезде мен Орталық Азия бойынша саяхатқа шықтым, оның ішінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде болдым, - деді, Андреас Рухсерт.

Алдағы уақытта, Андреас Рухсерт университет оқытушыларына неміс тілін оқытудың қазіргі заманғы әдістемелері туралы тренинг өткізуді жоспарлап отыр. Андреас Рухсерт WFI Менеджмент мектебінің (Айхштетт-Ингольштадт католик университеті) іскерлік басқару нарықтық бағытталған менеджмент бағдарламасының магистрі. Мюнхенде журналистика мектебінде оқыған.

2018-2019 жылдары Рухсерт Main-Post медиатобының цифрлық жарнаманы сату жөніндегі менеджері болып, кейін ол taz.die күнделікті газетінде, «Christ &Welt» редакциясында, Funkhaus Würzburg радиосында тағылымдамалардан өтті. Андреас Рухсерт БАҚ жөніндегі кеңесші болып жұмыс істеді.

Еске сала кетейік, 2022-2023 жылдары Солтүстік Қазақстан Университетінде АҚШ пен Түркия елшіліктерінің қолдауымен ағылшын және түрік тілдерін үйрену бойынша тегін сыныптар ашылған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Өзгелердің жаңалығы