Қазақстандық студенттердің ЖИ саласындағы медициналық стартаптары Душанбеде таныстырылды
Семей медицина университетінің сутденттері Душанбе қаласында жасанды интеллект саласындағы стартаптарды ұсынды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Семей медицина университеті» КеАҚ Тәжікстан Республикасындағы Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде ғылым және білім беру саласында бірқатар іс-шара өткізді.
Атап айтқанда, медициналық білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы заманауи технологияларға арналған мастер-кластар ұйымдастырылды.
Абуали ибни Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университетіне барған делегацияның сапары барысында университет студенттерінің цифрлық денсаулық сақтау және жасанды интеллект саласындағы инновациялық әзірлемелері таныстырылды.
Қандай жобаларды таныстырды?
«Семей медицина университеті» КеАҚ студенттері * Ақылбеков Бақытбек, «Онкология» мамандығы бойынша резидент дәрігер, Калиев Сернад, «Медицина» мамандығының 4-курс студенті және Акимова Аделия, «Стоматология» мамандығының 3-курс студенті жетекшілерімен бірге өздерінің стартап-жобаларын таныстырып, заманауи медицинадағы жасанды интеллект бағытындағы әзірлемелері туралы айтып берді.
Жобалар медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері Т.А. Назарова атындағы физиологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Сәуле Орынғазықызы Рахыжанованың жетекшілігімен әзірленген.
Қандай технологиялар көрсетілді?
Сапардың орталық іс-шараларының бірі «XXI ғасыр дәрігерін даярлаудағы симуляциялық технологиялар» атты шеберлік сыныбы болды.
Сабақ «Леонардо» робот-симуляторының көмегімен өткізілді. Шеберлік сыныбын Семей медициналық университетінің симуляциялық және білім беру технологиялары кафедрасының меңгерушісі Жанар Смағұлова жүргізді.
Симуляциялық технологияларды қолдану болашақ дәрігерлердің оқуын шынайы медициналық тәжірибе жағдайларына жақындатуға және кәсіби дағдыларды қауіпсіз оқу ортасында пысықтауға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастық не береді?
Мұндай іс-шараларды өткізу Қазақстан мен Тәжікстанның медициналық жоғары оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ғылым және білім беру саласындағы бірлескен бастамаларды дамытуға ықпал етеді.
Студенттердің жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерін ұсыну денсаулық сақтау саласындағы цифрлық шешімдерді одан әрі дамытуға және медицина мамандарын даярлауға заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндіктер ашады.