Қазақстандық студенттер Enactus World Cup 2026 халықаралық байқауында марапатқа ие болды
Байқауға 30-дан астам елдің студенттік командалары қатысып, өз жобаларын таныстырды.
Астанадағы Coventry University Kazakhstan университетінің Enactus CUK студенттік командасы Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен Enactus World Cup 2026 халықаралық байқауында «Best Human-Centered Solution» («Адам қажеттіліктеріне негізделген үздік шешім») марапатын иеленді. Бұл – университет тарихындағы алғашқы халықаралық жетістік.
Байқауға 30-дан астам елдің студенттік командалары қатысып, өз жобаларын таныстырды. Қазақстандық команда бастапқы даму кезеңіндегі жобалар сынға түсетін Early-Stage League санатында бақ сынады.
Студенттер фермерлерге арналған Nomad Onim жобасын ұсынды. Ол ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға арналған білім беру платформасы мен табиғи өнімдерді онлайн сатуға мүмкіндік беретін арнаны біріктіреді. Бастама жергілікті өндірушілерді қолдап, өнімдерін нарыққа шығаруға бағытталған. Жоба Harvest Group және Aitas Group компанияларының қолдауымен әзірленген.
Университет президенті Мирас Дәуленовтің айтуынша, қазылар алқасы студенттердің еңбегіне жоғары баға берген. Ал университеттің Студенттерді қолдау және қызмет көрсету бөлімінің басшысы Манджу Этертон команданың Nomad Onim жобасын екі жыл бойы әзірлегенін атап өтті.