Қазақстандық студент мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ерекше құрылғы жасап шығарды
Сәтбаев университетінің Машина жасау және энергетика институтының магистрі Жалғасбек Бекнұр ерекше күтімді қажет ететін адамдардың өмірлерін жақсартуға арналған вертикализатор құрылғысын жасап шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл бұрылмалы вертикализатор сал ауруымен ауыратын науқастарды жұлын және бас миының жарақаттарынан кейін, сондай-ақ ұзақ уақыт (төсек тартып) жатқаннан кейін оңалту үшін және т.б. қолданылады. Ол қолданысқа өте жеңіл әрі ыңғайлы, көлденең позицияда (максимум) 80 градусқа көтеріледі, сондықтан ол медициналық процедуралар жасау үшін тиімді құрал болып саналады.
Вертикализаторды жасап шығару Мейкатон TOM Almaty фестивалі аясында студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының, сондай-ақ Инклюзивті білім беруді қолдау және сүйемелдеу орталығының белсенді араласуының арқасында мүмкін болған.
Студенттік конструкторлық бюро оқытушылары мен қызметкерлерінің тәлімгерлермен бірлесіп әзірлеген вертикализатор ерекше күтімді қажет ететін жандарға жаңа мүмкіндіктер береді. Құрылғының жан-жақтылығы мен тиімділігі дер кезінде көмек алатын адамдардың санын көбейтеді.