12 Қараша 2026, 06:35 Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Қазақстандық спортшылар жасөспірімдер Олимпиадасында тағы екі қола медаль жеңіп алды

Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынындағы жүлде саны алтыға жетті.

Қазақстан құрамасының өкілдері Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында тағы екі қола жүлдеге қол жеткізді.

Алдымен 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен боксшы Марал Төлепберген жартылай финалда өзбекстандық Сабрина Чакомановамен кездесіп, төрешілер шешімімен 0:5 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша, отандасымыз жарысты үшінші орынмен аяқтады.

Сондай-ақ таеквондошы Любовь Юн 63 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді. Ол жартылай финалда сербиялық Эма Зечировичке 0:2 есебімен жол берді. Жарыс ережесіне сәйкес, жартылай финалда жеңілген қос спортшы да қола жүлдегер атанды. Айта кетейік, Любовь Юн бұған дейін норвегиялық Сара Наташа Фемер-Педерсен мен бразилиялық Рафаэла Мейреллес да Костаны жеңген болатын.

Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынындағы жүлде саны алтыға жетті. Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен велошабандоз Әнел Тәшбай алтын медаль иеленсе, триатлоншы Рамазан Әйнегов қола жүлдеге қол жеткізген еді. Ал боксшылар Ақнұр Тұрсынғали мен Бибарыс Әшірбай финалға жолдама алды.