Қазақстандық спортшылар байдарка мен каноэде ескек есуден олимпиада лицензиясын ұтты
Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан каноэ мен байдаркада ескек есуден Азия чемпионатында ұлттық құрама Париж олимпиадасының 6 жолдамасына қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл көрсеткіш өзгеруі әбден мүмкін. Алда әлі 2 жарыс күні бар.
Бүгін каноэде 500 метрге ескек есуде Қазақстан әйелдер құрамасы (Мария Бровкова, Руфина Искакова) чемпион атанып, жазғы ойындарға жолдама олжалады.
Осыдан кейін байдаркада 500 метрге жарыста Қазақстан ерлер құрамасы (Бекарыс Раматулла, Сергей Токарницкий) мәреге бірінші жетіп, Париждегі кешенді жарыстың билетіне иелік етті.
Сәл ертеректе каноэде 500 метрге жарыста Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы Олимпиада жолдамасын жеңіп алған.
Спорттың бұл түрінде жұптық сында лицензия алған екі ескекші Олимпиадада жекелей сында өнер көрсетеді.
Қазір Қазақстан делегациясында 14 спорт түрінен 39 лицензия (37 спортшы) бар.
Сондай-ақ Азия чемпионатында каноэде 500 метрге жарыста Ульяна Кисилева күміс, сосын, байдаркамен жарыста Ольга Шмелева мен Ирина Подойникова жұбы (500 метр) қола жүлдегер атанды. Осылайша, олар Париждегі ойындарға жолдама ала алмады.
Ал Олимпиада бағдарламасына кірмейтін қашықтықта Татьяна Токарницкая (байдарка, 200 м) мен Виктор Степанов (каноэ, 200 м) алтыннан алқа тақты