Қазақстандық спортшы Индонезияда Олимпиада чемпионын жеңді
Қазақстандық спортшы Индонезияда өткен Әлем кубогында швейцариялық Олимпиада чемпионын жеңді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Қазақстандық спортшы Индонезияда өткен нысана көздеу жарысында швейцариялық олимпиада чемпионын жеңді. Отандасымыз Арина Алтухова Джакартада (Индонезия) өткен Әлем кубогінің жеңімпазы атанды. Арина 50 метрдегі нысананы шағын калибрлі мылтықтан үш қалыпта ату бойынша қыздар арасындағы «алтын финалда» (golden match) Швейцариядан келген «Токио-2020» Олимпиадасының чемпионы Нина Кристенді ұтты, - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, 19 жастағы алматылық мерген шешуші сайыста бірінші болып қажетті 16 ұпай жинаған.
Жеке жарыстағы медальдардан бөлек, Ислам Сәтбаев, Матвей Тимофеев және Константин Малинковский бар ерлер құрамасы командалық жарыста күміс жүлде жеңіп алды.