Қазақстандық шаруаларға 860 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді
Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ауыл шаруашылығы өндірушілерін жанармаймен қамтамасыз ету туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, 2025 жылғы күзгі дала жұмыстарына арналған 422 мың тонна дизель отынының кестесін бекіткен. Бұдан бөлек, шаруаларға қосымша 20 мың тонна жанармай күзгі науқан үшін және тағы 40 мың тонна астық пен майлы дақылдарды кептіруге бөлінген.
2025 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жалпы 863 мың тонна дизель отыны қарастырылды. Оның ішінде 401 мың тоннасы – көктемгі дала жұмыстарына, 422 мың тоннасы – күзгі жұмыстарға және 40 мың тоннасы кептіру үшін бөлінді, – деді Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар министр қосылған құн салығымен бірге есептегенде шаруаларға жеткізілетін бір литр дизельдің бағасы 254 теңгеден шығады деп отыр. Жеткізілімнің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ПИН-код арқылы цифрлық таңбалау, түсті маркерлеу және электронды шот-фактура жүйесінде дизель отынына арналған бөлек виртуалды қойма құру тетіктері енгізілген.
Шілде-қыркүйек аралығында аграрияларға 238 мың тонна отын берілген. Бұл – жоспардың 60 пайызы. Ал қазан-қараша айларында тағы 30,8 мың тонна жеткізіледі деп күтілуде, - деді министр.
Министр атап өткендей, ауыл шаруашылығына дизель отынын бөлу мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында тұр.