Бүгiн 2026, 11:20

Қазақстандық шабандоз Ташкенттегі FEI Әлем кубогі кезеңінде алтын алды

Қазақстан қоржыны тағы бір алтынмен толықты.

Қазақстандық спортшы Олег Соколенко Ташкент қаласында өтіп жатқан International Federation for Equestrian Sports аясындағы ат спорты бойынша Әлем кубогінің халықаралық кезеңінде алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конкур бағдарламасының кедергілер биіктігі 125 сантиметр болатын №3 бағыты бойынша Олег Соколенко Shenanigan атымен айып ұпайынсыз өнер көрсетіп, 20,63 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті.

Бұған дейін елордалық Prestige Horse Club өкілі осы турнирде екі рет жүлдегерлер қатарынан көрінген еді. 140 сантиметрлік бағытта (World Cup Grand Prix Qualifier) Cinderella атымен күміс медаль иеленсе, 120 сантиметрлік маршрутта Shenanigan атымен қола жүлдеге қол жеткізді.

Әлем кубогының халықаралық кезеңі 23-26 сәуір аралығында Ташкент қаласындағы Universal Horses Stable ат спорты кешенінде өтіп жатыр. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей спортшылары қатысуда.