Қазақстандық сериалдарды қай елдер сатып алады?
Top pro cinema продюсерлік орталығының бас директоры Александр Аксютиц өткен жылы шыққан отандық фильмдер 22 млрд теңгеден астам табыс әкелгенін мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Онымен қоса, прокатқа шыққан фильмдер саны бір жылда 65-тен 107-ге дейін өсті, яғни екі есеге жуық артқан.
Ең маңыздысы – қазақстандықтардың ұлттық киноға деген қызығушылығы артып келеді. Өткен жылдың ең кассалық 20 фильмінің 70%-ы отандық туындылар. Ал бірнеше жыл бұрын елімізде негізгі табысты шетелдік фильмдер жинайтын, – деді Александр Аксютиц.
Қазақ сериалдары халықаралық нарыққа шыға бастады
Ол стримингтік платформалардың дамуы қазақстандық сериал өндірісінің өсуіне үлкен әсер еткенін атап өтті. Егер бұрын жылына ондаған сериал түсірілсе, қазір жүздеген жоба жарыққа шығады.
Ең қызығы, қазақстандық сериалдар тек өз елімізде емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Осыған байланысты халықаралық цифрлық сервистер мен медиахолдингтер қазақстандық контентке ерекше қызығушылық танытып отыр. Бүгінде біздің өнімдерді Ресей, Қырғызстан, Ирландия, Германия, Әзербайжан, Түркия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Өзбекстан сатып алады. Соңғы екі жылда “Хабар” және “Qazaqstan” телеарналары шетелге 30-дан астам сериалын сатты, – дейді Аксютиц.