Қазақстандық саясаттанушы балаларға әлеуметтік желіні 16 жасқа дейін шектеуді ұсынды
Сарапшы студенттермен кездесуде болған оқиға туралы айтты.
Жазушы әрі саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай гаджеттерге шамадан тыс тәуелділік жастардың күрделі ақпаратты қабылдау және оны терең талдау қабілетін әлсіретіп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сарапшының айтуынша, бұл мәселе әсіресе студенттермен кездесулер кезінде анық байқалады. Ол мысал ретінде Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде өткен кездесуді келтірді. Оған шамамен 60–70 студент қатысқан.
Кездесу барысында Бақытжан Бұқарбай студенттерден соңғы бір жылда қанша кітап оқығандарын сұраған. Алайда саясаттанушының сөзінше, тіпті бір кітап оқыдым дегендердің өзі қол көтермеген.
Жарайды, онда жылына кем дегенде бір кітап оқитындар қол көтеріңіздер дедім. Бірақ ешкім қолын көтерген жоқ. Ешкім. Ал одан кейін күрделі, бірнеше қырынан талдауды қажет ететін тақырыптарды қозғай бастасаң, олардың назары небәрі 15 секундқа ғана жетеді де, әрі қарай тыңдамай кетеді, – деді Бақытжан Бұқарбай.
Ол мұндай кездесулерде жастардың ұзақ уақыт назарын бір мәселеге аударып, мазмұнды пікірталас жүргізуі қиын екенін айтты. Оның пікірінше, тек кітап пен кітап оқу мәдениетін қолдаудың өзі жеткіліксіз. Сонымен қатар балалардың әлеуметтік желілерде өткізетін уақытын азайтатын нақты шаралар қабылдау қажет.
Осыған байланысты саясаттанушы 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң жүзінде шектеу енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай бастама кітап оқуға, білім алуға, шығармашылықпен айналысуға және адамдармен тікелей араласуға мүмкіндік беретін қолжетімді орталар құрумен қатар жүзеге асырылуы тиіс.
Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, оның кездесулерінен кейін кейбір жастар смартфондағы экран алдында өткізетін уақытын тексеріп көрген. Нәтижесінде олардың тәулігіне 15–16 сағатқа дейін интернетте отыратыны анықталған.
Олар маған: «Сіздің сөзіңізден кейін телефоннан тәулігіне қанша уақыт интернетте отыратынымызды қарап көрдік. Сөйтсек, 15–16 сағатымыз сонда өтеді екен. Яғни саналы өміріміздің басым бөлігі экран алдында өтеді екен», – деп айтты, – деді ол.