Қазақстандық садақшылар Түркиядағы Әлем кубогында үздік ондыққа енді
Ел намысын бұл сында Виктория Лян, Диана Юнусова және Адель Жексенбинова қорғады.
Қазақстан құрамасы Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан садақ атудан Әлем кубогы кезеңінде блокты садақпен атудан әйелдер арасындағы командалық жарыста жетінші орын алды.
Ел намысын бұл сында Виктория Лян, Диана Юнусова және Адель Жексенбинова қорғады. Қазақстандық спортшылар алғашқы айналымда Қытайлық Тайбэй құрамасын 231:229 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Алайда ширек финалда Мексика командасына 226:234 есебімен жол берді. Кейін мексикалық мергендер финалға дейін жетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үздік жетілік қатарынан көрінді. Қола медаль үшін өткен кездесуде Германия құрамасы АҚШ спортшыларын жеңсе, алтын жүлде үшін 13 маусымда Мексика мен Түркия құрамалары сынға түседі.
Ерлер арасындағы командалық жарыста Қазақстан сапында Ақбаралы Қарабаев, Мұса Ділмұхамет және Андрей Тютюн өнер көрсетті. Олар алғашқы кезеңде Мексика құрамасына 232:235 есебімен есе жіберді. Кейін мексикалық спортшылар Үндістан құрамасын жеңіп, қола жүлдені иеленді. Ал финалда Қытай мен Дания құрамалары кездеседі.