Қазақстандық қобызшы Димашпен бірге Венгрия мен Түркияда өнер көрсетеді
Қазақстандық қобызшы Олжас Құрманбек Димаш Құдайбергенмен бірге Венгрия мен Түркияда өнер көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Олжас Құрманбек – әлем сахнасын бағындырып, әлеуметтік желіде тыңдармандардың жүрегін жаулаған кәсіби қобызшы.
Музыкант қазақтың дәстүрлі аспабын 20 жыл бойы серік етіп келеді.
2017 жылдан бері Олжас әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бірге үлкен сахнада өнер көрсетіп жүр. Қобызшы шетелдік фильмдердің саундтрегін орындап, әлеуметтік желілерге жария еткеннен кейін, көпшілікке танымал бола бастады.
Оның репертуарында ресейлік продюсер Игорь Крутой мен Димаш бірге жазған екі ән, сондай-ақ композитор Ренат Гайсиннің шығармалары бар.
Осы жылдың мамыр айында «Stranger» концерттік туры аясында Олжас Венгрия мен Түркияда Димашпен бірге өнер көрсетеді. Қобызшы жеке және дуэтпен бес нөмір орындайды.
Шетелдік гастрольдер кезінде әр концертте көрермендер келіп, олар үшін ерекше аспап – қобыздың үніне қызығушылық танытып, тәнті болады. Сондықтан мен қазақ музыкалық аспабын бүкіл әлемге дәріптегім келеді, – деп музыкант шығармашылығындағы басты арманын айтты.
Музыкант биыл жеке концерт беруді жоспарлап отыр.