Қазақстандық қатерлі ісікке қарсы дәрінің сынағы жыл соңына дейін аяқталуы мүмкін
Министрдің айтуынша, қазір препарат клиникалық орталық базасында сынақтың екінші кезеңінен өтуде.
Қазақстанда 2026 жылдың соңына дейін қатерлі ісікке қарсы отандық препараттың клиникалық сынақтарының екінші кезеңін аяқтап, оны алдын ала тіркеу рәсіміне өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналистердің сұрағына жауап беру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазір препарат клиникалық орталық базасында сынақтың екінші кезеңінен өтіп жатыр. Бұл кезеңде мамандар препараттың әртүрлі дозасына адам ағзасының қалай әсер ететінін зерттеуде.
Клиникалық сынақтардың екінші кезеңі еліміздегі клиникалық орталық базасында жалғасып жатыр. Бұл кезеңде препараттың дозасы, ағзаның жоғары және төмен мөлшерге реакциясы зерттеледі. Жыл соңына дейін барлық сынақты аяқтап, дәріні алдын ала тіркеуге құжат тапсыруға тырысамыз, – дейді Саясат Нұрбек.
Клиникалық сынақтар аяқталғаннан кейін препараттың құжаттары әрі қарай тексеріліп, тіркеу рәсімінен өтеді. Министрдің түсіндіруінше, бұл үдеріс бейінді мемлекеттік органдардың қатысуымен жүргізіледі.
Бұл дәріні тіркейтін Ұлттық орталық – әр кезеңді тексеріп, кейін ресми тіркеу құжатын беретін мемлекеттік мекеме. Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп, әр кезеңді сүйемелдеп отырмыз, – деді министр.
Саясат Нұрбек препаратты шетелде қосымша тіркеуден өткізу қажеттілігі оның алдағы уақытта қай нарықтарға шығарылатынына байланысты болатынын айтты.
Оның сөзінше, дәріні Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумағында айналымға шығару үшін тиісті тіркеу рәсімі қарастырылған. Ал препаратты басқа халықаралық нарықтарға шығару жоспарланса, сол елдердің реттеуші органдары белгілеген талаптардан өту қажет болады.
Министр АҚШ-та препарат тіркеу рәсімі ең күрделі үдерістердің бірі екенін де атап өтті.
Барлығы бұл дәріні қай жерде сатқымыз келетініне байланысты. Егер оны басқа нарықтарға шығарғымыз келсе, ең күрделі жүйелердің бірі – АҚШ-тың тиісті агенттігінің талаптарынан өту. АҚШ-та тіркеуден өтсе, бұл халықаралық деңгейде мойындалған стандарттардың бірі саналады, – деді Нұрбек.
Сонымен қатар министр клиникалық сынақтардың екінші кезеңіндегі нақты аралық нәтижелерді жариялаған жоқ. Оның айтуынша, сынақтардың қазіргі барысы туралы ақпаратты мамандардан қосымша нақтылау қажет.