21 Қазан 2026, 18:09 Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Қазақстандық пара дзюдошылар екі алтын жеңіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды

Қазақстан құрамасы пара дзюдодан 5 алтын жеңіп алып, командалық есепте бірінші орын алды

2026 жылғы V Азия Пара ойындарында пара дзюдодан жарыстар аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша 13 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандық пара дзюдошылардың еншісінде 5 алтын, 1 күміс және 7 қола медаль бар. Медальдық есепте Өзбекстан құрамасы екінші, Қытай құрамасы үшінші орын алды.

Соңғы жарыс күнінде Қазақстан қоржынына Ақтолқын Сейілбекова мен Жұрқамырза Шүкірбеков екі алтын медаль салды.

Пара дзюдодан J1 санатында +70 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Ақтолқын Сейілбекова қарсыластарынан басым түсіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.

Ал J2 санатында +95 кг салмақта белдескен Жұрқамырза Шүкірбеков финалда Иран өкілін жеңіп, алтын медаль еншіледі.

Осылайша, Қазақстан құрамасы пара дзюдодан V Азия Пара ойындарын жалпыкомандалық есептің көшбасшысы ретінде аяқтады.