Қазақстандық оқушылардың суреттері Чехияда үздік деп танылды
Чехияда «Лидице 2024» 52-ші Халықаралық балалар шығармашылығы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биылғы іс-шара «Керуен» тақырыбына арналды. Бұл әлемдегі ең ірі көрмелердің бірі және жыл сайын бүкіл әлем бойынша мыңдаған балалардың басын қосатын аттас байқау аясында ұсынылған жұмыстардан тұрады.
Іс-шара Чех Республикасының мәдениет, білім және сыртқы істер министрліктері мен Чехияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен өтті.
Биылғы байқауға 81 елден келген 13 000-ға жуық жас суретшілердің жұмыстары қатысты. Көрмеге қатысу үшін қазылар алқасы 1282 суретті таңдады.
Байқауға сондай-ақ Қазақстаннан 90 бала қатысып, оның ішінде 1 қатысушы – 13 жасар Дарья Николенко «Лидице раушаны» медалімен, 8 қатысушы құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ Өскемен қаласының «Жұлдыз» балалар өнер мектебі медальмен марапатталды.
Лидице көрмесі неміс ұлтшылдарының қолынан қаза тапқан Чехияның Лидице ауылының балаларын және әскери қақтығыстарда қаза тапқан барлық басқа балаларды еске алу мақсатында 1967 жылы ашылған.
Бұл бастапқыдағы ұлттық көрме 1973 жылы халықаралық сипатқа ие болып, өз тарихында тек Чехияға ғана емес, бүкіл әлемге танылды. Соңғы жылдары көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен балалардың мыңдаған өнер туындылары жолданады.