1 Қыркүйек 2026, 21:54

Қазақстандық оқушылар Шанхайдағы робототехника турнирінен үш жүлдемен оралды

VEX Robotics жарыстарында оқушылар роботтарды өздері құрастырып, бағдарламалайды. Сондай-ақ берілген тапсырмаларды орындау үшін инженерлік шешімдер әзірлеп, командалық стратегия құрады.

​Қазақстандық жас робототехниктер Қытайдың Шанхай қаласында өткен VEX Robotics халықаралық турнирінде үш жүлдеге ие болды.
 
24–27 тамыз аралығында Шанхайдың Линган ауданында ұйымдастырылған жарысқа сегіз санат бойынша 150 команда және 1400-ден астам оқушы қатысты. Қазақстан құрамасы VIQRC орта буын санатында өнер көрсетті.

Бұл бағытта 46 команда бақ сынаған. Жарыс қорытындысында қазақстандық 1771A командасы III орын алды. Команда құрамында Қайырбек Арнұр, Жолтай Бекназар және Күнтуған Ханзада өнер көрсетті.

Сонымен қатар команда Best Progress Award арнайы жүлдесімен марапатталды. Бұл аталым қатысушылардың жарыс барысындағы елеулі ілгерілеуін бағалайды. Ал 1771T командасы да жүлделі III орынға ие болды.

Оның құрамында Самыратов Тамерлан, Уваисов Жақсымбет және Қуат Алинұр бар. Осылайша, қазақстандық оқушылар Шанхайдағы халықаралық бәсекеден екі қола жүлде мен бір арнайы марапат алып қайтты.

Жас робототехниктерді жарысқа робототехника жетекшісі Нағашыбай Мұхамедұлы Самыратов дайындады. VEX Robotics жарыстарында оқушылар роботтарды өздері құрастырып, бағдарламалайды. Сондай-ақ берілген тапсырмаларды орындау үшін инженерлік шешімдер әзірлеп, командалық стратегия құрады.