Қазақстандық оқушылар информатика пәнінен олимпиадада төрт медаль иеленді

Қазақстандық оқушылар EJOI-2024 Информатикадан еуропалық жасөспірімдер олимпиадасында екі алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Молдовада EJOI-2024 Информатикадан еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы өз мәресіне жетіп, оның нәтижелері еліміздің өз оқушыларының жетістіктерімен тағы бір мақтануына себеп болды.

Биыл жарысқа 50 елден келген 200-ге жуық оқушы қатысты. Олимпиада екі күнге созылды. Қатысушылар күн сайын үш тапсырмадан орындады, әр жинақ үшін төрт сағат қана берілді.

Қазақстан құрамасы 100% нәтиже көрсетіп, төрт медаль жеңіп алды:

  • Алтын медаль – Мансұр Мамадахунов, Қызылорда облыстық С. Шаухаманов атындағы «Білім-Инновация» дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
  • Алтын медаль – Жан Анри, Алматы қаласындағы «Республикалық физика-математика мектебінің» 9-сынып оқушысы.
  • Күміс медаль – Исатай Исмағзи, Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
  • Қола медаль – Арнұр Нұрғазин, Семей қаласындағы ФМБ НЗМ-нің 8-сынып оқушысы.

Команданы дайындаған жетекшілер: Темірлан Сатылханов, ACM бас бапкері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, Альтаир Ашуров, Назарбаев Университетінің студенті, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы.

Естеріңізге салсақ, алдыңғы жылы EJOI-2023 олимпиадасында біздің жас бағдарламашыларымыз бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Өзгелердің жаңалығы