Қазақстандық оқушылар IChO - 2024 химия олимпиадасында ең жоғары марапатқа ие болды
Сауд Арабиясында IChO-2024 химиядан 56-ші халықаралық олимпиада өз мәресіне жетті. Елімізден барған оқушылар жүлделі орындарды иеленді, оның екеуі — ең жоғарғы марапат, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
International Chemistry Olympiad дүниежүзілік ең беделді топ-7 олимпиадалардың қатарына кіреді. Біздің құрамамыз үшінші жыл қатарынан жоғары нәтиже көрсетіп келеді, биылғы жылы жас химиктеріміз қос алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленіп, 100% нәтиже көрсетті.
Ринат Илюсизов — Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 11 сынып оқушысы;
Кирилл Ким — Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ 11-сынып оқушысы;
Абылай Кабдулхадыр — Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ 11-сынып оқушысы;
Әділжан Молдағұл —Ақтау қаласы, «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Қазақстан құрама командасының жетекшілері: Азамат Жақсылықов және Санжар Бегдайыр — республикалық, халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары.
Айта кетсек, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен құрама команда мүшелері бірнеше республикалық және халықаралық оқу-жаттықтыру жиындарына қатысып, 2024 жылғы Еуропалық және Дүниежүзілік олимпиадаларда 100% нәтижелер көрсете білді.