Бүгiн 2026, 17:25

Қазақстандық оқушылар Беларусьтегі халықаралық байқауда жеңіске жетті

Қазақстандық оқушылар командасы Беларусь елінде өткен жас жол инспекторларының 53-республикалық слет-байқауында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жеңімпаздардың бірі – Алматы қаласындағы №156 мектептің 9-сынып оқушысы Айару Телжан.

Оқушының айтуынша, команда Қазақстаннан Беларуське 19 мамыр күні аттанған. Делегация құрамында төрт оқушы, команда жетекшісі Аида Тохтиева және топ жетекшісі Нұрлан Сапархан болған.

Айарудың сөзінше, жарыс Брест қаласында лагерь базасында өткен. Қатысушылар ол жерге Минскіден барған. Байқау сегіз кезеңнен тұрған: алғашқы медициналық көмек көрсету, велокезең, автогородок, мәнерлеп көлік жүргізу, электрсамокат басқару, үгіт бригадасы, жол қозғалысы ережелерін білу және жолдағы түрлі жағдайларды шешу.

Шынымды айтсам, бірінші орын бізге оңай келген жоқ. Біз бір-бірімізді қолдап, барымызды салдық. Біздің жетекшіміз, Алматыдағы №156 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аида Тохтиева бізге екінші анамыздай болды. Қиын сәттерде қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды және бүкіл командаға үлгі болды, – деді Айару Телжан.

Оқушы Беларусь елінің өздеріне ерекше әсер қалдырғанын да айтты.

Беларусьтің өте таза ел екеніне көзіміз жетті. Ауасы да, аулалары да, көшелері де тап-таза, – деді ол.

Команда құрамында Нұрхат Арыстанбек, Динислам Серғали, Айару Телжан және Айару Ораз болды. Байқау қорытындысы бойынша қазақстандық команда халықаралық деңгейде ел намысын қорғап, бірінші орынды жеңіп алды.

Қатысушылардың айтуынша, сапардағы басты мақсат – Қазақстанның абыройын лайықты қорғап, халықаралық аренада мемлекеттік туды биікке көтеру болған.

Еске салайық, бұған дейін №156 мектептің Айару Телжан бастаған жас таланттары Өскеменде Ғазиз Байтасов атындағы XX мерейтойлық республикалық жас жол инспекторларының слётіне қатысқаны туралы жазған болатынбыз.