Бүгiн 2026, 19:05 Фото: НЗМ баспасөз қызметі

Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен робототехника турнирінде топ жарды

Турнирлерге 10-нан астам елдің командалары қатысты.

АҚШ-та өткен FIRST Tech Challenge халықаралық робототехника жарыстары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары үшін сәтті аяқталды. Қазақстандық командалар бірнеше беделді турнирде жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтиже көрсетті.

Лос-Анджелес қаласында ұйымдастырылған Western Edge Premier Event 2026 турнирінде Алматы қаласындағы NIS Медеу мектебінің PHOBOS командасы үздіктер қатарынан көрінді. 10-нан астам елден келген 88 команда қатысқан жарыста оқушылар төрт бірдей негізгі марапатты иеленді.

Атап айтқанда, команда Western Edge Premier Event жалпы есебінде Winning Alliance Captain және Inspire Award Winner атақтарын алды. Сонымен қатар Sea Division дивизионында да Winning Alliance Captain және Inspire Award Winner марапаттарына ие болды.

Халықаралық жарыста тағы бір қазақстандық команда жоғары нәтиже көрсетті. Кентукки штатының Лексингтон қаласында өткен Run for the Robots турнирінде NIS Шымкент-Абай мектебінің Atomic Heart командасы қазылар алқасының ең жоғары марапаты саналатын Inspire Award жүлдесін жеңіп алды.

Бұл турнирге АҚШ-тың 25 штатынан, сондай-ақ Пуэрто-Рико, Бразилия және Қазақстаннан 70-тен астам команда қатысқан.

FIRST Tech Challenge – оқушыларға арналған халықаралық бағдарлама. Жоба аясында қатысушылар техникалық шешімдерді әзірлеу, сынақтан өткізу және өз жобаларын таныстыру бағытында тәжірибе жинайды.

Қазақстанда бағдарламаның ұлттық кезеңін USTEM Foundation ұйымдастырады. Қордың қолдауымен қазақстандық командалар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап келеді.