Қазақстандық оқушылар әлем олимпиадасында робототехникадан 2-орын алды

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жарыс Германияның Дортмунд қаласында өтті.

Оқушыларымыз кезекті рет өте жоғары деңгей көрсетіп, алғаш рет робототехникадан әлем олимпиадасында 2-орынға ие болды. Шымкент қаласындағы Ж. Жабаев атындағы №26 мемлекеттік мектеп пен №9 IT-лицейінің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш жеңімпаз атанды, - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

World Robot Olympiad (WRO) 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл олимпиаданың 2014 жылдан бергі қатысушысы.

Биыл 73 елдің 365 командасы финалда үздік атаққа таласты. Ал іріктеуге бүкіл әлем бойынша 15 000 команда қатысты.

Министр жас дарындарды жоғары нәтижемен құттықтады.

Балалардың әлемдік аренадағы жеңістері ерекше мақтаныш сезімін тудырады. Жас және дарынды жеңімпаздарымызды осындай жоғары нәтижемен құттықтаймын! Сондай-ақ олардың тәлімгерлері мен ата-аналарын да құттықтаймын! Балаларға биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспін! – деп жазды министр парақшасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы