Қазақстандық өндірушілерге 2,9 мыңнан астам тапсырыс берілді
Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде отандық тауар өндірушілерге басымдық беріліп жатыр. Қазір электрондық сатып алу платформасында қазақстандық кәсіпорындарға 2 921 тапсырыс қалыптастырылған. Сонымен қатар 405 баға ұсынысы түсіп, отандық өндірушілермен 116-дан астам келісімшарт жасалған. Бұл туралы Көлік вице-министрі Олжас Сапарбеков Қоғамдық кеңестің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ұлттық жобаның маңызды бағыттарының бірі – отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін арттыру.
«Жобамыздың маңызды бағыттарының бірі – ішкі қазақстандық құндылықты дамыту және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау. Жобаны іске асыру отандық өндірушілерімізге қосымша мүмкіндік береді. Бұл олардың ішкі нарықтағы орнын нығайтуға, жаңа бағыттарды игеруге, сондай-ақ тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға жол ашады», – деді Олжас Сапарбеков.
Вице-министрдің сөзінше, бұл бағытта қолданыстағы өндірістік қуаттарды толық пайдалану, кәсіпорындар арасындағы кооперациялық байланысты нығайту және Қазақстанда шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге басымдық беріліп отыр.
Сатып алу алдын ала жарияланады
Отандық өндірушілерді қолдау электрондық сатып алу платформасы мен қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі арқылы жүзеге асырылады. Жоба аясында мердігер ұйымдар қажетті тауарларды осы платформа арқылы сатып алуға міндетті.
«Тұрғын үй қатынастары туралы заңда және біздің жобада мердігерлердің тауарларды тікелей электрондық платформа арқылы сатып алу міндеті қарастырылған. Сатып алу жоспары смета негізінде алдын ала жарияланады. Бұл жұмыстарды Бірыңғай мемлекеттік сметалық нормативтер жүйесімен интеграциялау арқылы қамтамасыз еттік», – деді ол.
Оның айтуынша, әр жоба бойынша қажетті құрылыс материалдарының тізімі электрондық алаңда алдын ала орналастырылады. Бұл отандық өндірушілерге алдағы сұранысты біліп, өндіріс көлемін жоспарлауға мүмкіндік береді.
«Бұл платформаға жеткізуші ретінде қазақстандық тауар өндірушілер ғана тіркеле алады. Осылайша, тапсырыстарды орналастыру кезінде отандық өндірушілерге басымдық беріледі», – деді вице-министр.
Отандық өнімнің өндірісі цифрлық жүйе арқылы тексеріледі
Олжас Сапарбеков қазақстандық өндірушілерді қолдаумен қатар, олардың нақты өндірістік қызметін растау маңызды екенін атап өтті.
«Біз өз тарапымыздан қазақстандық тауар өндірушілерді цифрлық верификациядан өткіземіз. Бұл жұмыс бекітілген нормативтік-құқықтық базаға сәйкес жүргізіледі. Негізгі мақсат – өндірістің Қазақстанда орналасқанын, технологиялық операциялардың орындалатынын және өнімнің нақты осы жерде өндірілетінін растау», – деді ол.
Вице-министрдің мәліметінше, электрондық платформа күн сайын жаңа тапсырыстармен толығып, оған қатысатын отандық өндірушілердің саны артып келеді.
«Бүгінде бізде 2 921 тапсырыс қалыптастырылды, 405 баға ұсынысы бар және қазақстандық тауар өндірушілермен 116-дан астам келісімшартқа қол қойылды», – деді Сапарбеков.
Қазақстандық қандай кәсіпорындардың өнімі сатып алынды?
Вице-министр отандық кәсіпорындардың өнімдері қазірдің өзінде бірқатар инфрақұрылымдық жобада қолданылып жатқанын айтты.
«Мысалы, Павлодар қаласында электр энергиясын есепке алу жүйесін енгізу жобасы аясында “Тайман” кәсіпорнынан үш фазалы есептегіштер сатып алынды. Ал Ақмола облысында “Аладин” компаниялар тобының трансформаторлық қосалқы станциялары алынды. Бұдан бөлек, құбырлар, кабельдер және электр жабдықтарын өндіретін отандық кәсіпорындардың өнімдері де пайдаланылып жатыр», – деді ол.
Оның сөзінше, мұндай тетік қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттырып, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге және жаңа өндірістік бағыттарды игеруге мүмкіндік береді.