Қазақстандық өкіл World Boxing ұйымының спорт және жарыстар комитетін басқарды
Рауан Игенев бұл қызметке Панамада өткен халықаралық федерация конгресіндегі дауыс беру қорытындысы бойынша сайланды.
Панамада өткен World Boxing халықаралық федерациясының конгресінде ұйымның басшылық қызметтеріне сайлау өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев World Boxing ұйымының Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы болып сайланды.
ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, бұл комитет халықаралық турнирлерді ұйымдастыру және жарыстар жүйесін жетілдіру мәселелеріне жауап береді.
Атап айтқанда, комитет бокс бойынша техникалық ережелерді әзірлеп, қайта қарауға, спортшылардың жабдықтарына, салмақ дәрежелеріне және турнирлерді өткізу тәртібіне қойылатын талаптарды белгілеуге қатысады.
Сонымен қатар халықаралық жарыстар күнтізбесін қалыптастыру, турнир форматтарын әзірлеу, әлемдік рейтинг жүйесін жетілдіру, спортшыларды жарыстарға іріктеу және жеребе кезінде орналастыру мәселелері де осы комитеттің құзыретіне кіреді.
Бұдан бөлек, World Boxing аясында өтетін жарыстарға қойылатын талаптар мен өлшемдерді анықтау да комитет міндетіне жүктелген.
Комитеттің барлық ұсынысы мен ұсынымы Халықаралық федерацияның Атқарушы кеңесінің қарауына жіберіледі.