Қазақстандық мектеп оқушылары жеке қауіпсіздік негіздерін меңгеруде

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі балабақшаларда, мектептер мен колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бағдарлама аясында оқушыларға қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған 130 тақырып оқытылады.

Қазіргі уақытта оқушылар жеке қауіпсіздік негіздері, қоғамдық орындарда, көшеде, үйде және интернетте өзін-өзі ұстау ережелері бойынша білім алуда.

Сабақтарда сандық технологияларды қауіпсіз пайдалану, интернеттегі қауіп-қатерлердің алдын алу және сыни ойлауды дамытуға ерекше назар аударылады.

Бұл сабақтар балаларға олардың қауіпсіздігі үшін қажетті білім мен практикалық дағдыларды беріп қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік пен өз-өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көмектеседі. Біз әр баланың жасы мен жеке мінез-құлық ерекшеліктерін ескере отырып, қолайлы білім беру ортасын құруға тырысудамыз, – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Сабақтар апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өтіп тұрады. Жыл бойы әр материал үш рет қайталанады, бұл оның жақсы меңгерілуіне көмектеседі.

Бағдарлама интерактивті оқыту әдістерін, бейнероликтерді, ойын элементтері мен практикалық кеңестерді қамтиды, осылайша оқу процесін түрлі жастағы балалар үшін қызықты әрі қолжетімді етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы